Елімізде су тасқыны қаупі бар мыңнан астам елдімекен бақылауға алынды - ТЖМ

05.03.2026 16:35

Барлық қызмет жоғары жауынгерлік дайындық режиміне келтірілді

Аlmaty.tv

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ТЖМ жедел штабы 1 наурыздан бастап гидрологиялық жағдай мен су тасқыны қаупі бар аумақтардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізе отырып, тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын баяндады. Еліміз бойынша су тасқыны болуы мүмкін 1242 елдімекен анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысында белгілі болғандай, су тасқыны кезеңінде ықтимал төтенше жағдайларды жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы саны 39 мың адамнан асатын азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының республикалық және өңірлік топтары құрылды, сондай-ақ 18 мыңнан астам техника мен арнайы құралдар дайындалды. Барлық қызмет жоғары жауынгерлік дайындық режиміне келтірілді. Ахуал күрделенген жағдайда қажетті шешімдер дереу қабылданады.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы ТЖМ-ның материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылды, 842 бірлік арнайы техника, 27 қайық пен катер, 4 ұшақ және тағы да басқалар сатып алынды. 830 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері мен бөгендер тұрғызылды, 1128 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделді және жаңадан салынды, автомобиль мен теміржол бойларында 934 су өткізу нысандары жаңадан орнатылды және ескісі ауыстырылды. Су тасқыны қаупі бар өзендердің телімдерінде шамамен 166 шақырым жерін тереңдету, 255 шақырым жағалауын нығайту, 221 шақырым жерін тегістеу және 172 шақырым арнасын тазарту жұмыстары жүргізілді", - деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.

Премьер-министр мемлекеттік органдар басшыларының назарын Щучинск және Семей қалаларында болған оқиғаларды ескере отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне аударды. ТЖ министрі аталған екі факт бойынша қылмыстық істер қозғалғанын, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын баяндады. Щучинск қаласында қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілді. Ведомствоаралық комиссия жұмыс істеуде, оның қорытындысы бойынша осыған ұқсас оқиғалардың орын алуына жол бермеу жөнінде кешенді шаралар әзірленетін болады. Жарылыстың себебі – тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз пайдалану ережелерінің бұзылуы. Семей қаласындағы балалар ойын-сауық орталығында орын алған өртке келетін болсақ, ТЖМ күштері өртті тез арада тоқтатты, бұл адам шығынының болмауына мүмкіндік берді.

Олжас Бектенов ТЖМ-ге әкімдіктермен бірлесіп өрт қауіпсіздігін күшейтуді, профилактикалық рейдтер жүргізуді және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков Tasqyn жүйесінде тәуекелдерді модельдеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Платформа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, өндірістік пайдалануға берілді. Министрліктің мәліметі бойынша, өткен жылы Tasqyn жүйесінің болжамдық деректерінің сәйкес келу көрсеткіші орташа есеппен 75%-ды құрады. Биыл Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, сондай-ақ Абай облыстарының 31 елді мекенінде су тасқыны қаупі байқалады. Премьер-министр алдын алу шараларын қабылдау үшін деректерді өңірдегі әкімдіктерге беруді тапсырды.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров ұзындығы 160 шақырым автожолдардың 229 су тасқыны қаупі бар учаскелері бақылауға алынғанын, оларға күнделікті тексеріс жүргізіліп, 2,5 мыңнан астам техника бекітілгенін баяндады. Алдын алу шараларын қабылдау үшін инертті материалдар дайындалды, оның ішінде 40 мың м3 ірі кесек тастар, 15 мың м3 құм, 5 мың м3 қиыршық тас және тағы басқалар. Тасқын суларды өткізу үшін 45 мың су өткізгіш құбырларды тазарту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы 580-нен астам жаңа су өткізу құбырлары орнатылды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында 5 апатты көпір жөнделді.

Оқи отырыңыз: Су тасқынына дайындық: Үкімет басшысы жедел штаб отырысын өткізді