Елімізде тұрғын үй бағасы қымбаттай ма - сарапшы пікірі

Экономистердің болжамынша, алдағы жылы тұрғын үй бағасы төмендеуі мүмкін

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда тұрғын үй бағасы тағы да қымбаттауы мүмкін. Сарапшылар мен құрылыс компанияларының болжамынша, келер жылы баспана құны шамамен 25 пайызға дейін өседі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елімізде тұрғын үй бағасы сан құбылып, тұрақтар емес. Жыл сайын баспана алу қарапайым халық үшін қиындай түсуде. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы бір жылда жаңа пәтерлердің бағасы 13 пайыз, ал ескі үйлердің құны 10 пайыз артқан. Бағаның ең жоғары өсімі Павлодар қаласында тіркеліп отыр. Бұл өңірде тұрғын үйлер 26 пайыз қымбаттаған. Қызылорда мен Шымкент қалаларында да көрсеткіш жоғары. Пәтер бағасы шамамен 15 пайыз өскен. Ал екінші нарықтағы пәтерлер құнына келсек, Ақтөбе, Алматы, Павлодар қалаларында баға аспандап тұр. Мұның барлығы тек өткен жылдың нәтижесі, ал биыл баға тағы да шарықтауы мүмкін.

«ҚҚС-тің көтерілуі 2026 жылы пәтердің қамбаттауына себеп болады. Өйткені материалдардың ұүнына 16 пайыз қосылады, автоматты түрде құрылыстың бағасына әсер етеді. Инфляциялық, девальвациялық риск бар. 2026 жылы баспана құны өседі деп айтуға негіз бар», – деді құрылыс компаниясының басшысы Бақытжан Ақан.

Құрылыс компаниялары бағаның өсуін өз қалауы емес, мәжбүрлі қадам деп отыр. Сала өкілдерінің айтуынша, бұған құрылыс материалдары бағасының шарықтауы себеп болған. Мәселен, жыл басында 70 теңге тұрған кірпіш, қазір 130 теңгеге жеткен. Бетонның бағасы 22 мыңнан 37 мың теңгеге, ал қарапайым құмның өзі 4 мыңнан 7 мың теңгеге дейін қымбаттапты.

 «Бұл тұтынушыға ауыр. Халқымыз үй, пәтер ала алмай жүр. Олар шығынға батып, үйсіз жүруге мәжбүр. Құрылыс компаниялары көп нәрсе жоғалтады деп ойламаймын», – деді құрылыс компаниясының басшысы Бақытжан Ақан.

Мамандар бағаның тұрақты болуы үшін қосымша құн салығын кезең-кезеңімен енгізу керек деп санайды. Бұл 16 пайыздық салық құрылыс компанияларынан гөрі, халықтың қалтасына салмақ түсіреді деп есептейді.

«Бұрынғы баға мен қазіргі баға жер мен көктей. Ай сайын баға көтеріліп жатыр», – деді қала тұрғыны Құралай Азмағанбетова.

Ал экономистердің болжамынша, алдағы жылы тұрғын үй бағасы төмендеуі мүмкін. Себебі салық реформасынан кейін халықтың табысы азайып, жаңа пәтерге деген сұраныс күрт төмендейді. Ал бұл жағдайдан соң құрылыс компаниялары амалсыздан бағаны түсіруі мүмкін.

«Нарықта баспана көп, ал сатып алушылар аз. Сондықтан баға төмендейді. Екінші нарықтағы баға төмендесе, жаңа пәтерлердің бағасы да міндетті түрде түседі. Алғашқы бір-екі тоқсанда құрылыс компаниялары бағаны ұстап тұруға тырысады, бірақ халық табысының азаюы бұған мүмкіндік бермейді. Кейбір құрылыс компаниялары, тіпті шығынға батса да, пәтерін сатуға мәжбүр болады», – деді экономист Марат Қайырленов.

Десе де соңғы Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 1 қаңтардан бастап күшіне енетін 16 пайыздық қосымша құн салығы баспана бағасына бірден әсер етпейтінін айтқан. Оның сөзінше, салықтың нақты ықпалы 2027–2028 жылдары байқалуы мүмкін. Сондай-ақ биылға дейін іргетасы қаланған тұрғын үй нысандары салықтан босатылатынын атап өткен.

Оқи отырыңыз: Үкімет бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізеді

Новости партнеров