Елімізде Түркістан облысы – ет экспорты бойынша көшбасшы

Almaty.tv
Almaty.tv

Алдағы уақытта 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде көш бастап тұр. Өңірде жыл басынан бері 112 мың тонна өнім өндіріліп, оның 7 мың тоннаға жуығы шекара асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сайрамдық Нұрбек Қайыпов – ауыл аймақты таза өніммен қамтып отырған азаматтардың бірі. Оның кәсіпорнында күніне 200-ден астам ірі қара сойылады. Арнайы сұраныс көбейген соң кәсіпкер алдағы уақытта Өзбекстан мен Иранға ет жібермек ниетте.

"Тек Өзбекстан емес, Тәжікстан мен Қырғызстанға, Қытай мемлекетіне ет жіберуге мүмкіндігіміз бар. Мал бордақылап жатырмыз. 50 мың басты Арыс қаласында дайындап жатырмыз", – деді кәсіпкер Нұрбек Қайыпов.

Ет экспортын арттыруға өңірдегі бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту сеп болып отыр. Мәселен облыста мұндай 9183 алаң бар. Онда 35 мың бас ірі қара мал бордақыланып жатыр.

"Ет экспортын көлемін арттыру мақсатында 2025-26 жылдарға 3 инвестициялық жобаны іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз. 2025 жылы Арыста компания 25 мың бас ірі қара мал бордақылау кешенін іске қосады. 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында қуаттылығы 1500 бас ірі қара мал сою және өңдеу кешені мен мал биржасы іске қосылады", – деді облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербұлан Жәнібеков.

Айта кетейік, елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, ал қой етінің 75 проценті – Түркістан облысының еншісінде. Бұл – республикадағы үздік көрсеткіш.

Нұркен Әкімхан,  Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Аулада тазалық жоқ: тұрғындар ПИК-ті ауыстыруды талап етті

Новости партнеров