Асхат Аймағамбетов «балаларды жасанды жадыға байлап қоймай, ойлануға қалай үйретеміз?» деген сауал тастады
Елімізде жасанды интеллект мамандары тапшы. Кадр жетіспеушілігі әсіресе мемлекеттік секторда анық байқалып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі мұны бейінді білім беру бағдарламаларының болмауымен, мамандардың жекеменшік секторға немесе шетелге кетуімен, сондай-ақ жалақының аздығымен байланыстырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкімет Қазақстанды 3 жыл ішінде цифрлық елге айналдыруға білек сыбана кіріскен. Бүгін Мәжіліске әлеуметтік салаға жауапты министрлік өкілдері жиналып, жасанды интеллектіні енгізуге қатысты жоспарын ортаға салды. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бағытта маман даярлауды қолға алған. Бүгінде 95 жоғары оқу орны жоспарына жасанды жады пәнін енгізген. Сондай-ақ білім ордаларының базасында мектептер, кафедралар, зертханалар ашылып, орталықтар құрылған. 429 мың студент арнайы курстан өтіп, сертификат алған. Вице-министр баяндамасын оқып болғаннан кейін, депутаттар кадр мәселесін көтерді. Екатерина Смолякованың айтуынша, қазіргі жасанды интеллект саласында оқытушылардың тек 10 пайызы ғана арнайы дайындықтан өткен.
«Бұл 100 пайыз студентті қамту аясында айтарлықтай теңгерімсіздікке әкелуі мүмкін. Яғни ертең осы студенттерді кім оқытады деген заңды сұрақ туындайды. Курстарды негізінен жасанды интеллектіні енді меңгеріп жатқан оқытушылар жүргізуде», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова.
Нейрожелі енді оқушылардың білімін бағалап, мамандық таңдауына көмектеседі. Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжановтың айтуынша, жасанды интеллект технологиялары білім алушылардың тестілеу нәтижелерін саралап, олардың қай тақырыптарда қиналатынын анықтайды. Бұдан бөлек, жүйе оқушының қызығушылығы мен қабілетін ескере отырып, мамандық таңдауға бағыт-бағдар береді. Осы тұста депутат Асхат Аймағамбетов «балаларды жасанды жадыға байлап қоймай, ойлануға қалай үйретеміз?» деген сауал тастады.
«Біз қаласақ та, қаламасақ та балалар ChatGPT-ді, Gemini-ді күнделікті үй жұмысын жасағанда, тіпті сабақтың үстінде де қолданып отыр. Осы тұрғыда не істеуіміз керек? Ол қаншалықты дұрыс? Этика мәселесі қалай? Академиялық адалдық мәселесі қалай қолға алынып жатыр? Мемлекеттік стандарттар мен типтік оқу жоспарлары қалай өзгеріп жатыр? Бағалау қалай өзгереді?»– деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов «жасанды сана магниттік-резонанстық томография, ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма нәтижелерін талдап береді» дейді. Медициналық ұйымдардың жұмысын оңтайландырып, қызметтерді қолжетімді ететінін айтты. Ал депутат Нартай Сәрсенғалиев жаңашылдық енгізіліп жатқан денсаулық сақтау саласында «шешілмеген шаруалар шаш етектен» деп отыр. Оның айтуынша, ведомство бюджетте жасанды интеллекті мен телемедицинаны дамыту үшін келер жылға 500 миллион теңге қарастырған. Алайда мәселе онымен шешіле қоймайған.
«Қазақстандағы медициналық ұйымдардың бірқатарында қарапайым интернет жоқ. Қағаз жүзінде ғаламторға қосылды деп сым тартылған елдімекендерде орналасқан емханалардағы интернет табанына тас байлап алғандай алға жылжымайды. Жүйеге құжат жүктеп бітемін дегенше оны аяқтай апарып тапсырғаның тез болады. Мұншалықты нашар ғаламтор желісі ауылдар мен шалғай аудандарда анықталды. Сәйкесінше денсаулық саласына ЖИ-ді енгізген күннің өзінде орталықтан шалғайда тұратын, шекаралық елдімекендерде мекен ететін ағайын қашанғыдай игіліктен құр қалайын деп тұр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Вице-министрлердің жасанды интеллект туралы жасаған баяндамасы мәжілісмендердің көңілінен аса шыға қоймады. Сұрақ көп, алайда мардымды жауап аз. Депутат Асхат Аймағамбетов мемлекеттік органдар тарапынан жасанды интеллектіні енгізуге қатысты бірізділік, ортақ түсінік пен концептуалды көзқарас қалыптаспағанын айтып отыр.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нүрлан Өтеген, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Жасанды интеллект 1 миллион қазақстандықты жұмыссыз қалдыруы мүмкін