Биыл 257 бойжеткен жатырға біткен баласын бауырына басудан бас тартқан
Елімізде жасөспірім қыздар арасында ерте жүктілік пен жасанды түсік азаймай тұр. Соңғы 9 айда 1600-ден аса оқушы ана статусын ерте алған. Қыздардың жасы 15-17 жас аралығында. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жасанды түсік тастау көрсеткіші де көңіл қуантпай тұр. Биыл 257 бойжеткен жатырға біткен баласын бауырына басудан бас тартып, медициналық жолмен алдырып тастаған.
"Тіркелген ақпарат бойынша биыл 6 қыз 12-13 жас арасында жасанды түсік жасаған. Ақпаратта 1000 қыз балаға шаққандағы көрсеткіш деп көрсетеміз. Себебі әр 1000 қыздың ішінде қаншауы түсік жасатты, босанды деген көрсеткіш", – деді ҚР ДСМ «Аналар денсаулығын сақтау» басқармасының басшысы Шакизат Халықова.
Министрлік маманы елде ана мен бала денсаулығын нығайтуға көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Қазір республика бойынша 5 мыңнан астам акушер-гинеколог жұмыс істейді. Соның 1000-ға жуығы ауылды жерлерге жіберілген. Олардың көмегімен жыл сайын елде 400 мыңға жуық жүкті әйел бөпесімен аман-сау қауышып отыр.
"Қазақстанда ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін нормативтік-құқықтық тұжырымдама бекітілген. Ол бойынша кадрлық әлеуетті нығайту үшін соңғы 2 жылда маман даярлауға арналған нысаналы гранттарды 2 есе ұлғайттық. Оларды ауылға тарту үшін әлеуметтік төлемдердің бірыңғай пакеті әзірленді. Мамандар ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үйге несие, жалақыға қосымша ақы алады", – деді ҚР ДСМ «Ана мен бала денсаулығын қорғау» департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
Оқи отырыңыз: ОҚКА дәрігерлері бірегей әрі күрделі отаны сәтті жүргізді