Елімізде жасыл сутегімен жүретін қоғамдық көліктер пайда болуы мүмкін

23.06.2025 21:42

Сутегі энергетикасын өндіретін зауыт Маңғыстау облысында салынады деп жоспарланған

2027 жылдан бастап елімізде жасыл сутегімен жүретін қоғамдық көліктер пайда болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін мәжіліс депутаттарына сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасын таныстырған Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сутегі энергетикасын өндіретін зауыт Маңғыстау облысында салынады деп жоспарланған. Ол жылына екі миллион тонна жасыл сутегін өндіретін болады. Жоба іске асса, Қазақстан экологиялық таза сутегі мен аммиак өндіру бойынша алдыңғы қатарлы елдер қатарына енеді. Сондай-ақ Еуропа мен Азия нарығына экспортты көбейтуге де мүмкіндік туғызбақ. Мәжілісмендерге ұсынылған құжатта жасыл сутегін өндіру үшін шамамен 34 миллионнан 60 миллион текше метрге дейін тіршілік нәрі қажет екені айтылды. Су ресурстары және ирригация вице-министрінің ақпарынша, зауыт Каспий теңізінің су шаруашылығы балансына айтарлықтай әсер етпейді. Десе де, тұжырымдама депутаттардың көңілінен шықпаған секілді.

«Энергетика министрлігінің дайындаған концепциясын бір емес бірнеше рет оқып шықтым. Әріптестеріміз, ренжімесін, өте төмен деңгейде дайындалған. Ол университеттің студенті дайындатын реферат сияқты. Кешірерсіздер, мұндай құжатты дайындауға болмайды. Көрсетіп отырған индикаторлар орындалмайды. 2026 жыл келді, бізде әлі ештеңе дайын емес», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Оқи отырыңыз: Алматыда мобильді топтардың жұмысын күшейту бағытында семинар басталды