Елімізде жеңілдетілген автонесие қайтадан беріле ме

29.10.2024 16:53

Министрдің айтуынша, жеке тұлғалар үшін автокөлікті сатып алу құқығымен жалға алу тетігі енгізіледі

elements.envato.com

Қазақстан үкіметі жеңілдетілген автонесие мәселесін бір жарым жыл бұрын жапқан, қаражат тек қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, жеке тұлғалар үшін автокөлікті сатып алу құқығымен жалға алу тетігі енгізіледі.

«Бұл жерде біз дұрыс шешім қабылдадық деп санаймын. Жеңілдікпен несиелеуге ешкімнің ешқашан көңілі толмайды. Бұл түсінікті де, себебі адам тым көп, ал оған жұмсауға болатын ақша тым аз. Автокөлік өндірушілер де, қаржы нарығы да бір орнында тұрмайды. Үкімет автокөлік сатып алуды жеңілдету үшін жеке тұлғаларға арналған лизинг енгізу туралы түзетуді заңнамалық деңгейде қолдады», - деді Шарлапаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, оның айтуынша, көлік сатумен айналысатын компаниялардың өздері түрлі қаржылық құралдар енгізіп, көлікті бөліп төлеу арқылы сатып жатыр. Ал жеңілдетілген автонесиелеуге бағытталған қаражат өңірлерде қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалды.

«Мен бұл позицияны дұрыс деп есептеймін. Автокөліктерге жеңілдікпен несие бергенше, біз қоғамдық көліктің сапасын жақсартып жатырмыз. Жеңілдетілген несиелеу мәселесін біз бір жарым жылдан астам уақыт бұрын жапқанбыз. Ақша тек қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалады», - деді ол.

Оқи отырыңыз: Ақмола облысында 4 бала асырап алған патронат ана әділдік іздейді