Елімізде ЖРВИ-мен сырқаттанғандар саны 13%-ға төмендеді - ДСМ

20.02.2026 12:03

Республика бойынша тұмауға қарсы барлығы 2,2 млн астам адам егілді

Аlmaty.tv

Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық маусым кезінде (қыркүйектен сәуірге дейін) ЖРВИ-дің 4-5 млн жағдайы және тұмаудың 2 мыңға дейін жағдайы тіркеледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv

Жалпы республика бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл эпидемиологиялық маусым басталғалы бері аурушаңдық 13%-ға төмендеді.

Сархат Бейсенованың мәліметінше, тұмаудың 3 027 зертханалық расталған жағдайы тіркелді: (H3N2) А типті тұмауы – 2 967 жағдай, (H1N1) А типті тұмауы – 53 жағдай, В типті тұмауы – 7 жағдай.

Елімізде тұмауға қарсы барлығы 2,2 млн астам адам егілді, бұл халық санының 11%-ын құрайды.

«Биыл ЖРВИ қараша айында шекті деңгейден асып, өте көп тіркелді. Жалпы республика бойынша ауру өршіп тұрған кезде 13 өңірде 11 812 сынып қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды, 18 193 сыныпта кабинеттік жүйе алынып тасталды және оқушылардың сыныптар арасындағы жүріп-тұруын азайту мақсатында белгіленген кабинеттерде ғана оқыту ұйымдастырылды, бұл мектептердегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта республика бойынша жалпы білім беретін ұйымдарда оқыту процесі штаттық режимде жүргізілуде», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.

Оқи отырыңыз: Қазақстан әлемдегі экономикасы дамыған 50 елдің қатарына кірді

Теги: Тұмау ДСМ