Елімізде жүрек трансплантациясы неге сирек жасалады

09.10.2026 15:26

18 жасқа толған, диспансерлік есепте тұрмайтын кез-келген қазақстандық өз еркімен донор болуға құқығы бар

Елімізде соңғы 14 жылда бар-жоғы 121 жүрек трансплантациясы жасалыпты. Алматыдағы кардиологиялық орталықта өткен басқосуда мамандар осындай дерек келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сөздерінше, елде қайтыс болғаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге келісетіндер саны әлі де аз. Биылдың өзінде Алматыда донор болуға 16 адам қарастырылған. Алайда әзірге ешқайсысы толық келісім бермепті. Дәрігерлер мұның бірнеше себебі барын айтады. Соның бірі – қайтыс болған адамның туыстарының қарсылық білдіруі.

«Біріншіден, бас-ми өлімі тіркеледі. Ол донор болып саналады. Бірақ ең маңызды мәселе  – туыстарының келісімін бермеуі.  Халққа ақпаратты дұрыс жеткізіп, түсіндіріп айту, сауалнамлар жүргізсек, потенциалды донор саны артады. Ағзаға мұқтаж адамдарға да көмектесе аламыз», – деді Алматы қаласы бойынша трансплантация үйлестірушісі Меруерт Мұқанова.

Еуропалық донорлық және ағзаларды трансплантациялау күніне орай ұйымдастырылған жиынға Алматы қаласы бойынша трансплантация үйлестірушісі, медициналық ұйымдардың қызметкерлері, дін өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Іс-шарада медициналық ұйымдар арасындағы ведомствоаралық және ұйымаралық өзара іс-қимыл, донорлық үдерісті үйлестіру, халық пен медицина қызметкерлерін ақпараттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Айта кетейік, 18 жасқа толған, диспансерлік есепте тұрмайтын кез-келген қазақстандық өз еркімен донор болуға құқығы бар.

«Қазіргі деңгейде донорлық мәселелерде үлкен проблема бар. Оның шешілу жолдарын талқылаймыз. Бірінші мәселе – халыққа көбірек мәлімет беру», – деді  қалалық Кардиология орталығының директоры Ермағамбет Қуатбаев.

Оқи отырыңыз: Қан қысымын төмендетуге көмектесетін жеміс аталды

Толық көрсету