2024 жылы пилоттық жоба аясында 145 оқушысыға қызмет көрсетілген
Биыл еліміздегі 200-ге жуық мектепте стоматология кабинеті ашылады. Оқушылар білім ордасында сабақ оқып ғана қоймай, ем ала алады. "Болашаққа - сау тіспен" жобасын Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп іске асырмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Денсаулық сақтау саласы мамандарының сөзінше, бүгінде балалар арасында тіс аурулары көбейген. Оған себеп – жеткіншектердің дұрыс тамақтанбауы және ауыз қуысына дұрыс күтім жасамауы. Салдарынан оқушылардың тісі ерте түсіп, парадонт, стоматит сияқты аурулар пайда болады. Стомотология кабинеттері ашылса, дерт ерте сатысында анықталып, оны емдеу де оңай болмақ.
«Мектепте отырған мамандар оны тексереді, анықтайды, қағазға, құжатқа түсіреді. Сосын ата-анаға жазып, баласы арқылы жібереді. 100 пайызы болмаса да, ата-ананың 70-80 пайызы уақытымен апарса, балалардың ауыз қуысын сақтап қалуға мүмкіндік болар ма еді? Біздің ойымыз балаларға дер кезінде көмек көрсету», – деді С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар стоматологиясы кафедрасының профессоры Гүлжан Ермұханова.
Министрліктің мәліметінше, стоматологиялық кабинет бастапқыда оқушысы мыңнан асатын білім ошақтарында ашылады. Ал бала саны аз мектептерде профилактикалық тексеру көшпелі форматта жүзеге асырылады. Кабинетте тек колледж бітірген дантисттер мен гигиенист дәрігерлер отырады. Стоматолог Жанар Рамазанқызы бұл іске тәжірибесі аз мамандарды тарту дұрыс емес екенін айтты. Баламен жұмыс істеуді тек білікті дәрігерге тапсыру қажет.
«Тіс емдегеннен кейін ешқандай травма дейді ғой, сондай қалдырмайтындай білікті дәрігерлерді тәрбиелеп, оларды сол жерде ұзақ уақыт жұмыс жасайтындай етіп, ұйымдастыру керек. Ол жерде қандай қызмет көрсетіледі, профикалактикалық және емдеу жұмыстары баламен дәрігердің қарым қатынасы және қандай сапалы материалдар қолданылады? Бәріне мін беру керек», – деді стоматолог дәрігер Жанар Үргенішбаева.
Ақ халаттының пікірімен көпшілік те келісіп отыр.
«Білікті мамандар болса, жас мамандарға сенбеміз», – деді қала тұрғыны Маржан Серікбаева
«Экологияға байланысты балалардың тістері қарайып кетеді. Сондықтан мектепте кабинет ашылып, тегін емдегені дұрыс деп санаймын», – деді қала тұрғыны Искра Молдабекова.
Айта кетейік, білім ордаларында тіс емдеу кабинетін ашу былтырдан бері айтылып келеді. 2024 жылы пилоттық жоба аясында 145 оқушысыға қызмет көрсетілген. Биыл кабинет саны тағы да артады.
Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Қазақ тілінің үздік оқытушысы: Алматы қаласы әкімі аппараты қалалық байқауын жариялайды