Еліміздегі ең қарт тұрғын Ұлытау облысында тұрады

02.10.2024 16:39

Елімізде 100 жасаған және одан да үлкен жастағы 423 азамат бар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, ең қарт адам Ұлытау облысында тұрады. Ол – 114 жастағы Түймегүл Темірбаева, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кейуана Жамбыл облысы Байқадам ауданы Жайылма ауылында туған. Аязбай Темірбаевқа тұрмысқа шыққаннан кейін Арқа даласына қоныс аударып, өмір бойы ата кәсіпті серік еткен. Бүгінде Жаңаарқа ауданы Қызылжар ауылында тұратын әжейдің 15 немере, 25 шөбересі бар. Сүйегі асыл жаннан тараған 4 баланың алды 70-ке жақындаса, ең кішісі 60 жасқа толды.

"Отанымыз тыныш, халқымыз аман болсын! Балалардың денсаулығы мықты,  аман-есен жүре берейік!" – деді Ұлытау облысының тұрғыны Түймегүл Темірбаева.

Елімізде 100 жасаған және одан да үлкен жастағы 423 азамат бар.Әдетте, ең көп өмір сүретіндер еліміздің оңтүстік өңірінде көбірек деуге болады. Мәселен, Түркістан облысында 100 және одан жоғары жастағы 64 адам бар екенін айта кету керек.

Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша еліміздегі екінші орында ең ірі қаламыздың бірі – Алматы. Қазір Алматы қаласында 100 жастан асқан 48 адам тұрады. Ұзақ өмір сүретіндер саны бойынша үшінші орында Алматы облысы тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 38 адам тұрады. Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны – 114 жас, Павлодар облысы – 112 жас, Түркістан облысы – 110 жас кірді.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45 сессияда жариялады.

Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және тану, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.

Оқи отырыңыз: Алматыда 420 орынды жаңа мектеп салынады