Еліміздегі қоқыс полигондары техникалық талаптарға сай келмейді - эколог

19.09.2025 19:25

Алматы облысындағы ескі полигондағы өрт 5 күннен бері толық сөнбей, өңір экологиясына әсер ете бастады

Еліміздегі қоқыс полигондары техникалық талаптарға сай келмейді. Осындай кемшіліктің кесірінен кейбір қалдық төгетін алаңдар өздігінен тұтанып, от шарпыған жағдайлар жиілеп кеткен. Осылай деп экологтар дабыл қағып отыр. Әсіресе, Алматы облысындағы ескі полигондағы өрт 5 күннен бері толық сөнбей, өңір экологиясына әсер ете бастады, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысында 5 күн бұрын өртенген қоқыс полигоны әлі де бықсып жатыр. Төтеншеліктердің айтуынша, ат шаптырым аумақты алғандықтан өртті ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Сондықтан қызыл жалынның өршіп кетпеуі үшін қоқыстың бетін топырақпен жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәл осындай 6 аумақ қарастырылған, өрт сөндірушілер үздіксіз жұмыс жүргізуде.

15 гектар аумақты шарпыған өртті сөндіру үшін Алматы мен Шымкент қалаларынан, сондай-ақ өзге бес облыстан келген арнайы құрылымдар жұмылдырылған. Әскери бөлімдердің қызметшілері де қосымша тартылған. Барлығы 250-ден астам маман мен 120 техника тілсіз жаумен күресіп жатыр.

«Өрт аумақтары инертті материалмен, нақтырақ айтсақ топырақпен көміліп жатыр. Бұл – қызыл жалынның ошақтарын жоюдың жалғыз тиімді тәсілі. Сондықта, жақын күндері бұл жұмыстарды толық аяқтаймыз деп ойлаймын», – деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев.

Алматы мен Қонаев қалаларының арысындағы қоқыс полигонындағы өрт маңайдағы елдімекендерге де зардабын тигізген. Соның салдарынан жақын маңдағы үш бірдей білім беру мекемесі қашықтан оқуға көшкен. Ал тұрғындар көк түтіннен тынысы тарылып, өткір иістен бас көтере алмай қалғанын айтты.

 «Үйге кіріп, көк түтін болып кетті. Содан тұншығып қала жаздадық. Кәдімгі машиналар көрінбей қалды», – деді Әли ауылының тұрғыны Рысхан Жақсыбайқызы.

«Күнде ауыл ішін түтін басады. Бірінші күні тіпті қап қара болды. Денсаулыққа зиян», – деді Әли ауылының тұрғыны Серік Әлиев.

Ал эколог Тимур Елеусізовтың айтуынша еліміздегі қоқыс полигондарының басым бөлігі техникалық талаптарға сай келмейді. Соның салдарынан кейбір қалдық алаңдары өздігінен тұтанып, өрт шығу деректері жиілеп кеткен. Сондай-ақ заңсыз металл іздейтін адамдардың әрекеті де қызыл жалынның тұтануына сеп болатын көрінеді.

«Заңсыз метал іздейтіндер қоқыс алаңдарын әдейі өртейді. Сонда олар өз мақсаттарына жетеді. Бірақ бұл әрекет метан газын бөліп, жаңа өрттің шығуына жол ашады. Оған қоса қоқыс полигондары техникалық жағынан талапқа сай емес. Сондықтан мұндай полигондардың иелерін қатаң жауапқа тарту қажет. Әрі қалдықтарды басқару жүйесін енгізу керек. Өйткені тамақ қалдықтары да, өзге тұрмыстық қоқыстар да қайта өңделуге тиіс, сонда ғана полигондарға түсетін ауыртпалықты азайта аламыз», – деді эколог Тимур Елеусізов.

Айта кетейік, бес күн бұрын басталған өрттің шығу себебі әлі анықталмаған. Полигонның жалпы аумағы 35 гектар болса, соның 15 гектарын өрт шарпыған.

Мәди Мәлік. Ялкунжан Әшімжанов, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: