Еліміздің 11 өңірінде 13 жаңа заманауи колледж салынады

Үкіметтің баспасөз қызметі
Үкіметтің баспасөз қызметі

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандағы колледждерде 42,9 мың педагог жұмыс істейді және әлі де 2 мыңнан астам маман жетіспейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрдің айтуынша, колледждерде жұмыс істейтін 42 901 педагогтың 40 мыңнан астамы (95,4%) жоғары білімді.

Олардың басым бөлігін 16 248 арнайы пән оқытушысы, 9 505 жалпы білім беретін пән оқытушысы және 4 880 өндірістік оқыту шебері құрайды.

Колледждердегі кадр тапшылығын азайту үшін өндірісте жұмыс істеген мамандарды білім беру саласына тарту да қолға алынған. Осылайша өндірістен 1 934 маман педагогтік қызметке келген. Дегенмен, ел бойынша колледждерге әлі де 2 093 педагог қажет.

"Педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру жұмысы жалғасады. 9 245 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, 17 487 педагог цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу процесінде қолдану бойынша даярланды, 132 педагог шетелдік тағылымдамадан өтті", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Келесі кезеңде педагогтерді халықаралық әдістемелер (BOPPPS, TBLT) бойынша даярлау, салалық стандарттармен сертификаттау, озық кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізу және тәлімгерлік арқылы Hard & Soft skills дағдыларын дамыту жүзеге асырылып жатыр.

"Халықаралық біліктілігін растаған педагогтер үшін аттестаттау рәсімін жеңілдету қарастырылып жатыр", – деді Оқу-ағарту министрі.

Қазақстанда 20 жаңа мамандық ТжКБ сыныптауышына қосылды.

"Бүгінде 552 кәсіптік стандарт негізінде 14 494 білім беру бағдарламасы әзірленді, олардың 4348-і жұмысшы біліктіліктері бойынша. Сыныптауыш 20 жаңа мамандықпен толықтырылып, сол бағыттар бойынша 243 білім беру бағдарламасы әзірленді.Барлық білім беру бағдарламаларында микробіліктіліктер және Minor қосымша бағдарламалары енгізілуде. Бұл ретте барлық бағдарламаларға кәсіби қызметте жасанды интеллект құралдарын қолдануға бағытталған Minor енгізу қарастырылған. Сондай-ақ 27 колледждің бағдарламалары халықаралық салалық талаптарға сәйкестігі бойынша бағаланды. 2027 жылдың соңына дейін мұндай бағалаудан 30 колледж өтеді", – деді Оқу-ағарту министрі.

Еліміздің 11 өңірінде 13 жаңа заманауи колледж салынады.

"Жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер есебінен 174 колледж, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар қолдауымен 13 колледж жабдықталған. Десе де еліміз бойынша 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын шұғыл жаңарту талап етіледі. Саланы одан әрі жаңғырта түсу үшін еліміздің 11 өңірінде 13 жаңа заманауи колледж салу көзделген. Бұл өңірлердегі тапшылықты азайтып, жастарымызды заманауи, жабдықталған ортада сапалы кәсіптік біліммен қамтамасыз етуге тікелей мүмкіндік береді", деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оқи отырыңыз: 50 мың студент 6 мың кәсіпорын базасында дуальды оқытудан өтіп жатыр