Мамандар мұны ауа температурасының қалыпты деңгейден жоғары болуымен байланыстырады
Тамызда еліміздің 7 өңірінде құрғақшылық болуы мүмкін. «Қазгидромет» мамандары осы айға арналған атмосфералық құрғақшылықтың соңғы болжамын жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Болжамға сәйкес, құрғақшылық негізінен Батыс, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс өңірлерде байқалуы мүмкін. Мамандар мұны ауа температурасының қалыпты деңгейден жоғары болуы және жауын-шашын мөлшерінің аз түсуімен байланыстырып отыр. Осындай климаттық жағдайлар топырақтың ылғалдығын азайтып, атмосфералық құрғақшылыққа әкеп соғады.
«Атмосфералық құрғақшылық БҚО-ның Бөкей Ордасы және Жәнібек аудандарында, Ақтөбе облысының Шалқар және Ырғыз аудандарында, Атырау облысының Құрманғазы ауданында, Алматы облысының Балқаш ауданында, Жамбыл облысының Мойынқұм, Қордай, Сарысу, Талас және Жамбыл аудандарында, Түркістан облысының Арыс, Созақ, Қазығұрт, Ордабасы, Шардара, Жетісай, Бәйдібек және Келес аудандарында, Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында күтіледі», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.
Оқи отырыңыз: Алматыда 3-9 тамыз аралығында ауа райы қандай болады