Еліміздің барлық пойызы бейнекамерамен жабдықталады

27.06.2025 15:31

Қазірдің өзінде 4 мың камера орнатылған екен

Қазақстандық пойыздарға осы күнге дейін 4 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. Ал, жыл соңына дейін барлық бағытты қамту жоспарланып отыр. «Қазақстан темір жолы» өкілдерінің хабарлауынша, бейнебақылау қойылғалы пойыздардағы тәртіп бұзушылық деңгейі қазірдің өзінде 21 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, ұмытылған әрбір тоғызыншы зат иесіне қайтарылған екен. Алда қолданысқа берілетін жаңа вагондар да толықтай бейнебақылау жүйесімен жабдықталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елімізде пойыз вагондарына бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы хабарлады. Камералар таспалайтын барлық бейнематериал арнайы ситуациялық орталықта қадағаланады. Сонымен қатар, бақылау жүйесі нақты уақыт режимінде таратылады екен. Жауаптылар бұл оқыс оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді дейді.

«Ұлттық тасымалдаушымен бейнебақылау камераларын жолаушылар вагонына енгізу жобасы жүргізіліп жатыр. Сонымен қоса, бейнебақылау аналитикасы жүйесі арқылы бізге дер кезде вагон ішінде түтіндеу немесе бұзушылықтар сияқты фактілерді анықтауға көмектеседі. Жалпы жұмыс жалғасуда, біз бұл жобаны осы жылдың аяғына дейін бітіруді жоспарлап жатырмыз», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин.

Көлік министрлігінің дерегінше, елімізде жолаушылар тасымалы 141 маршрут бойынша жүзеге асырылады. Оның 60-тан астамы – әлеуметтік маңызы бар бағыттар. Ведомство өкілдері бейнекамераларды орнату ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынғанын атап өтті.

«Бұл жұмысты жүргізудегі басты мақсат – ең алдымен теміржол саласындағы, әсіресе пойыз ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қандай да бір жағдай туындаса, оны уақытында бақылап, түсіністікпен шешу үшін қолға алынып жатыр. Сонымен қатар, қазір цифрландыру дәуірі екенін ескерсек, бұл шаралар осы бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі ретінде жүзеге асырылып жатыр», – деді ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі Ляззат Стамғазиева.

Ресми деректерге сүйенсек, пойыздарға бейнекамера орнатылғаннан кейін құқық бұзушылықтар саны былтырмен салыстырғанда 21 пайызға азайған. Сондай-ақ, жолаушылар тарапынан түскен шағымдар 32 процентке төмендеген. Ал ұмытылған заттардың 91 пайызы иелеріне қайтарылыпты.

«Статистикаға тоқталсақ, 2024 жылы жолаушылар пойыздарында 1000-нан астам азамат түрлі әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылып, пойыздан түсірілді. Ал 2025 жылдың алғашқы алты айының өзінде 500-ден астам азамат дәл осындай тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Бұл – пойыздағы тәртіп пен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді», – деді Көліктегі ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Әлихан Жұмажанов.

Елорда тұрғындарының да бұл бастамаға көзқарасы оң. Көпшілік бейнекамера орнату қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді деп есептейді.

Жауаптылар өз кезегінде пойызда қандай да бір келеңсіз жағдайға тап болған жолаушыларды сабыр сақтауға шақырады. Мұндай кезде ең алдымен жолсерікке хабарласып, жағдайды баяндау қажет дейді. Сонымен қатар, көліктегі полиция қызметкерлері де кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты «Самұрық-қазына» қорын сынға алды