Еліміздің білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі

Үкіметте мектеп буфеттерінде зиянды өнімдерді сатуға толық тыйым салу мәселесі қаралып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

1 қыркүйектен бастап еліміздің білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.

Жаңа стандарт жобасын Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері мен Қазақ тағамтану академиясы бірлесе әзірлеп, халықаралық сарапшылардың ұсынымын ескерген. Жаңартылған ас мәзірінде пайдалы өнімдер көп болады. Көкөністер мен жеміс-жидектердің, дәнді дақылдардың, сүт өнімдері мен ақуыздың үлесі артады. Қант мөлшері 3,6 есеге, ал тұз 5 есеге дейін қысқарады. Ал өңделген тағам түрлері мәзірден алынып тасталады.

«Бір жылдық емес, көп жылдан келе жатқан ойдағы дүние болатын. Сондықтан 1 қыркүйектен бастап, еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жаңа стандарт күшіне енетін болады. Дұрыс тамақтану бойынша заманауи халықаралық талаптар және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары ескерілді. Онда негізінен қантты тұтыну 3,6 есеге, тұзды тұтыну 5 есеге төмендеді. Сонымен жемістер, көкөністер мен сүт өнімдерінің үлесі анағұрлым көбейді», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Гүлшарат Қожатова.

Қазақ тағамтану академиясының деректеріне сәйкес, жаңа тағам мәзірі балалар арасындағы семіздікті 15 пайызға, қант диабетін 20 пайызға, артериялық гипертензияны 18 пайызға дейін азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастама балалардың сабақ үлгерімін жақсартып, ойлау қабілетін арттыруға сеп болмақ.

Зерттеулер көрсеткендей, 6 мен 10 жас аралығындағы балалар арасында дұрыс тамақтанбаудың кесірінен түрлі дерт асқынып кеткен. Бұл мектеп асханаларындағы ас мәзірі мен санитариялық жағдайдың оқушы денсаулығына тікелей әсер ететінін тағы бір дәлелдейді. Министрліктің биыл жүргізілген тексерісінің нәтижесінде мектептерге 246 нұсқама беріліпті. Ал 117 қызметкерге жалпы сомасы 31 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Арасында қызметінен кеткендер де бар.

 «ЮНЕСКО қолдауымен зерттеулер жүргізілді. Қазақстан өңірлері, Шымкентте, Батыс Қазақтсандағы зерттеулердің нәтижесінде балалардың арасында артық салмақ, семіздік, қант диабеті, артериалдық гипертония сияқты аурулар кездесіп жатыр. Оның ішінде ұлдар көбірек ауырады. Болашақта баланың дені сау, ақыл-есі дұрыс және оқуға деген зейіні, ынтасы жоғарылайды деген сенімдеміз», – деді Қазақ тағамтану академиясының нутрициологі Әлия Қалдыбай

Айта кетейік, бастаманы қолға алғандар шағын жинақты мектептердің жағдайын ескеріп, ауылдағы білім мекемелеріне бөлек мәзір үлгісін жасаған. Сондай-ақ Үкіметте мектеп буфеттерінде зиянды өнімдерді сатуға толық тыйым салу мәселесі қаралып жатыр.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Абай облысында жаңа оқу жылында 10 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады

Новости партнеров