Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды
Ішкі істер министрлігі “Заң мен тәртіп” принципі аясында жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сәуір айының екінші онкүндігінде жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде есірткінің ірі партияларын тәркілеудің екі фактісі тіркелді.
Мысалы, Абай облысында жедел ақпаратты тексеру барысында қызметкерлер 21 жастағы жүргізушіні ұстады. Оның көлігін тексеру кезінде таратуға дайын 2 келіден астам гашиш майы анықталып, тәркіленді.
Ұсталған азамат интернет дүкенінің кураторының нұсқауы бойынша есірткіні таратқанын мойындады.
"Елорда өңірінде интернет-платформалар арқылы жұмыс істеген 26 жастағы әйел ұсталды. Ол аса ірі көлемдегі есірткіні жасырын таратумен айналысқан", - делінген хабарламада.
Жеке тінту және жалға алынған тұрғын үйді тексеру барысында салмағы 1 келіден асатын екі пакет синтетикалық “A-PVР” есірткісі, электронды таразылар, орауға және таратуға арналған 100-ден астам Ziplock-пакет тәркіленді.
Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан 45 мыңнан астам бір реттік дозаға тең есірткі тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Есірткі жеткізу арналары, олардың таралу маршруттары, сондай-ақ заңсыз қызметке байланысты қаржы ағындарының көздері анықталуда.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әрбір тоқтатылған есірткі тарату арнасы — бұл дер кезінде жойылған қауіп. Ішкі істер министрлігі есірткі желілерінің қызметін олардың жасырыну тәсіліне қарамастан қатаң әрі жүйелі түрде тоқтатуды жалғастырады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: 24 сәуірге арналған валюта бағам