Фильм көршілес Өзбекстанда түсірілген
Еліміздің барлық кинотеатрларында «Елші қыз» фильмі көрерменге жол тартты. Әлеуметтік драма көршілес Өзбекстанда түсірілген. Басты кейіпкер Азиза белгілі бір себептермен өз әке-шешесінен жырақ, шет мемлекетте өмір сүреді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Елші қыз» фильмі желісі Өзбекстан елінен басталады. Басты кейіпкер Азиза спорт үйірмесіне барып жүрген кезінде Қазақстаннан асырап алынған перзент екенін кездейсоқ біледі. Сол сәттен бастап ол туған отбасын табуды армандайды. Туындыда Азизаның биологиялық анасына деген сағынышы, асырап алған ата-анасының батасымен Қазақстанға келуі суреттеледі.
«Екі ұлттың халықтың арасындағы достықты, мейірбандылықты, адамгершілікті насихаттайды. Халықтар арасындағы достық ынтымақтастықты насихаттайтын фильм ғой», – деді режиссер Еркін Рақышев.
Фильм бір жыл бұрын түсірілген. Басты рөлдерді Шахризада Серікова, Гүлшат Тұтова, Әлихан Нұржауов, Бексұлтан Ерғалиев, Алина Ұлықбек, Жамшид Каримов, Жалғас Тоқтасынов сынды актерлер сомдайды.
«Ана үшін өзгенің баласы деген ұғым болмайды. Меніңше, фильмнің басты мәні де осында. Фильмдегі бір көрініс мен үшін ерекше қымбат. Бір эпизодта кішкентай Азизаның қасыма келіп, тіземе басын қойып жылайтын сәті бар. Баланың сол сәттегі көз жасы шынайы еді. Екеумізге қосылып режиссер Еркін Рақышевтің де егіліп тұрғанын байқап қалдым. Мен қанша картинаға түсіп жүріп, осылай толқыған режиссерді көрмедім. Фильм жүректерге жетіп, жақсы ой салады деп сенемін», – деді актриса Наргиз Әріпова.
Мейірімділік, махаббат, ата-анаға құрмет сияқты құндылықтар насихатталатын әлеуметтік драма барлық кинотеатрларда көрсетілмек.
Диана Тұрлыбек, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Қала күніне орай: Almaty TV жасанды интеллект көмегімен Алматы туралы өз мультсериалын ұсынады