Еліміздің мектептерінде физика, химия және робототехникаға арналған 500 кабинет ашылады

18.08.2026 13:31

Жыл соңына дейін еліміздің мектептерінде барлығы 1400-ден астам арнайы кабинет орнату керек

Depositphotos.com

Мектептерде жоғары жылдамдықты интернеттің болуы басым міндеттердің бірі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

"Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін физика, химия, биология, робототехника бойынша 500 пәндік кабинетті сатып алуды қамтамасыз ету қажет. Жалпы, жыл соңына дейін еліміздің мектептерінде барлығы 1400-ден астам арнайы кабинет орнату керек. Бірқатар өңір тез арада қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс. Бірінші кезекте, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ұлытау және Ақмола облыстары аталған мәселеге назар аударыңыздар. Кабинеттерге қажетті жабдықтарды жылдам сатып алу үшін барлық рәсімдерді тездетуді тапсырамын. Кеше Мемлекет басшысы экономиканы дамыту жөніндегі кеңесте инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды жеделдетіп салу керектігін атап өтті. Осыған баса назар аударыңыздар", - деді О. Бектенов.

Осы орайда ол мемлекеттік органдар мен әкімдіктер алдағы кезеңге арналған бюджеттерді қалыптастыру барысында аталған мәселені бақылауға алуы қажет екенін айтты.

"Цифрлық инфрақұрылым білім беру сапасы мен жасанды интеллектіні енгізуге тікелей әсер етеді. Сондықтан мектептерде жоғары жылдамдықты интернеттің болуы – басым міндеттердің бірі. Жасанды интеллект министрлігі байланыс операторларымен және әкімдіктермен бірлесіп, жоғары жылдамдықты интернеттің, әсіресе шалғай ауылдарда болуын қатаң бақылауда ұстасын. Жалпы алғанда, білім берудің барлық деңгейінде цифрлық технологияларды дамытуға және жасанды интеллектіні енгізуге, ең алдымен, білім беру сапасы мен тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару қажет", - деді Үкімет басшысы.

Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанда 6,8 мыңнан астам орынға арналған жаңа студенттік жатақханалар пайдалануға беріледі



https://kaz.inform.kz/news/elmzdn-mektepternde-fizika-himiya-zhane-robototehnikaga-arnalgan-500-kabinet-ash-1e4bde13

Толық көрсету