Елордада электрсамокат мінген полицейлер құқық бұзушылықтардың алдын алуда, деп хабарлайды Almaty.tv
Жаңа формат аясында патрульдік полиция полкінің инспекторлары электрсамокатпен саябақтарда, тұрғын алаптарында және адам көп шоғырланатын орындарда қызмет атқаруда. Полицейлер арнайы бағыттар бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіп, электрсамокат пайдаланушылары арасындағы жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтап, олардың жолын кесуде. Мұндай тексерулер тұрақты түрде өткізіледі. Елорда полициясы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырып келеді.
Тәртіп сақшыларының өздерінің электрсамокат қолдануы жол қозғалысы ережелерін сақтаудың көрнекі үлгісіне айналып, тұрғындардың қауіпсіздік мәселесіне деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде. Мамандардың айтуынша, электрсамокатпен жүру жоғары қауіппен байланысты. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында жылдамдықты шамадан тыс арттыру, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту, бағдаршам талаптарын елемеу, сондай-ақ самокаттарды ретсіз қалдырып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтіру фактілері бар. Рейд барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартып қана қоймай, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге ерекше назар аударылады. Ата-аналарға жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, электркөлік құралдарын пайдалануды бақылауда ұстау ұсынылады.
Полиция электрсамокат қолданушыларға қауіпсіздік талаптарын еске салады:
• электрсамокатпен екі адам болып жүруге тыйым салынады;
• қорғаныш шлемін кию міндетті; • басқаруға тек 18 жасқа толған азаматтар жіберіледі;
• жүргізуші куәлігінің болуы қажет;
• қараңғы уақытта жарық қайтаратын кеудеше пайдалану керек.
Электрсамокаттардың кеңінен таралуына байланысты жол-көлік оқиғалары мен тұрғындар шағымдарының саны да артып отыр. Осыған байланысты самокат патрульдерін енгізудегі басты мақсат — жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қаладағы апат деңгейін төмендету. Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді қатаң сақтауға шақырып, әр адамның қауіпсіздігі жеке тәртіп пен жауапкершілікке байланысты екенін еске салды.
Ақпарат көзі Polisia.kz