Елордадағы қайғылы оқиға: көз жұмған қыздың бірі күзде көшіп келген
Оқиға болған үйдің тұрғындары жағдайдан кейін есін әлі жия алмай отыр
Астанада 13-қабаттан құлап қаза тапқан 2 жасөспірім қызға қатысты өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға болған үйдің тұрғындары жағдайдан кейін есін әлі жия алмай отыр. Көршілердің сөзінше, қаза тапқан жасөспірімдердің бірі пәтерге биыл күзде көшіп келген. Ал қыздың ата-анасы шетелде болуы мүмкін. Жергілікті тұрғындардың бірі сол сәтте қатты дыбыс естігенін, алайда бастапқыда оған мән бермегенін жеткізді. Қайғылы жағдай болғанын жедел жәрдем қызметкерлері келгеннен кейін ғана түсінген.
«Әпкемнің айтуынша, сол сәтте қатты дыбыс естілген. Алайда оны LRT құрылысы жүріп жатқан жақтан шыққан шу деп ойлаған. Кейін әпкем мен інім бірге сыртқа шыққанда, оқиға орнында шатырлар орнатылып жатқанын көрген. Шамамен бір сағаттан соң өзім де жағдайды білу үшін сол жерге бардым. Сол кезде жерден қан ізін көрдім. Алайда кейін аумақ толық тазартылған», – деді көршісі.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қайғылы оқиға кеше кешкі уақытта елорданың Есіл ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, көз жұмған қыздар кәмелет жасына толмаған.
Бұған дейін МИБ төрағасы оқиғаның мән-жайын айтқанын еске салайық