Елу елдің ақшасын жинаған: атыраулық коллекционер үйін музейге айналдырды

22.10.2025 13:17

Нумизматтың коллекциясында төл теңгеміздің де түр-түрі бар

Атырау облысы Хамит Ерғалиев ауылында ақша жинайтын коллекционер тұрады. Бүгінде оның үйінде 50-ден аса елдің валютасы сақталған. Кейіпкеріміз баспанасын шағын музейге айналдырған екен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Кейіпкеріміз екі қабатты баспанасын музейге айналдырған. Мұнда көздің жауын алатын дүние көп. Коллекционер әсіресе шетелдік валютаны жинағанды жақсы көреді. Оны тіпті арнайы тапсырыспен алдыртады екен. Қазір мұнда 50-ден аса валюта сол қалпында сақталған.

«Ең қызықтысы – Зимбабве ақшасы. Оның құны 500 миллионға дейін барады, нөлдерін санап та үлгермейсің. Нақты санын өзім де білмеймін. Бала кезден бері жинаймын, бос уақытымда қарап, реттеп, толықтырып отырамын. Әлі де жетпей жатқан купюралар көп. Мысалы, бұрынғы Югославия қазір 5-6 елге бөлініп кетті, солардың ақшаларын жинап, толық жинақ жасағым келеді. Енді Чехословакияның монеталарын іздеп жүрмін. Әр елдің ақшасын табу өз алдына бір қызық дүние», – деді нумизмат Нұркен Мұхамбетәлиев.

Нумизматтың коллекциясында төл теңгеміздің де түр-түрі бар. Алғашқылары қаз қалпында сақталыпты. Мұнда жинақталған шетелдік әр купюрада патшаның есімі, соғылған қаласы, тіпті жылына дейін жазылған. Жары Мейрамгүл жолдасы сүйікті ісіне әркез уақыт табады дейді.

«Бала кезінен тиын жинайды, сол дәстүрі әлі де жалғасып келеді. Ескі ақша, көне заттар, бұрыннан сақталған жәдігерлер – соның бәрі оған ерекше қызық. Қазіргі жастар да көріп, біліп жүрсе екен дейді, келген қонақтарға жиі әңгімелеп береді. Қолы қалт етсе, бар уақытын осы сүйікті ісіне арнайды», – деді Н. Мұхамбетәлиевтің жары Мейрамгүл Нәжімеденова.

Нумизматтың үйінде басқа да ерекше жәдігерлер көп. Көне теледидар мен радиоқабылдағыш, ескі сағаттар мен музыкалық аспаптың бірнеше түрін жинаған. Арасынан ескі фотоаппараттарды да кездестіруге болады.

Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: 35 жыл білім биігінде: Алматы мектептерінің жетістігі қандай