Эмоция және адреналин: Алматы маңында алғаш рет ірі автофестиваль өтті

06.04.2026 21:43

Арнайы алаңда көрерменге дрифт, драг, картинг және автошоу көрсетілді

Алматы маңында алғаш рет ірі автофестиваль өтті. Арнайы алаңда көрерменге дрифт, драг, картинг және автошоу көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көрермен үшін бұл— эффект, эмоция және адреналин. Ал рөлде отырған адам үшін — дәлдік, есеп және үлкен жауапкершілік. Жылдамдықтың шынайы мәнін жарыс жолында шыңдалған спортшыдан артық ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі фестивальге 3 мыңнан 10 мыңға дейін көрермен жиналады деп күтілуде.

«Мұның түп-төркінінде көбіне бірінші болуға ұмтылу жатады. Оған «мен істей аламын», «мен бәрінен мықтымын» деген шектен тыс сенім қосылады. Осындай бірнеше қуатты сезім мен ниеттің қабысуы адамды жылдамдыққа деген қауіпті әуестікке, жарысқа тән қызбалыққа итермелейді», — деді тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков.

Сарапшы айтқан осы ойдың бір ұшы кәсіби автоспортқа тіреледі. Өйткені жарыс жолындағы жылдамдық - бақылаусыз эмоция емес, нақты есепке құрылған тәртіп. Онда техника да дайын, орта да бейімделген, қауіпсіздік талаптары да сақталған. Сондықтан жылдамдықты кәсібіне айналдырған адамның бұл мәселе жайлы айтары бар.

«Автоспорт пен жоғары жылдамдық тек арнайы жабдықталған алаңда болуы керек. Қала ішінде бұған жол берілмеуі тиіс. Себебі тәжірибелі жүргізушінің  жолдағы барлық қатерді толық болжай алмайды. Сондықтан кәсіби спортшылар қалада барынша мұқият жүріп, жол ережесін қатаң сақтайды Бұл — қауіпсіздік қана емес, өзгеге үлгі», — деді дрифттен Қазақстан чемпионы Владимир Завьялов

Владимир сияқты кәсіби адамдар үшін бұл - спорт, тәртіп, машық. Ал біреу үшін - ішкі қысымды сыртқа шығаратын бақылаусыз импульс болуы мүмкін. Психологтар мұндай сәтте адам тәуекелді толық бағаламай, қысқа эмоцияға ерік береді дейді.

«Неге адамдар жылдамдықты асырады? Асығып тұрған кезде немесе дофамин алу үшін жылдамдықты асырады. Оларда нейромедиатор  деңгейінде теңгерімсіздік байөалады.  Ал дофамин адамда қорқыныш болған кезде бөлінуі керек. Осы қатты бір жылдамдық асырғаннан мөлшерден тыс бөлінген дофаминнен адам лаззат алады», — деді психолог Санжар Сейіткәрімұлы.

Мамандардың айтуынша, жылдамдықты қоғамдық жолда емес, арнайы орындарда сынау — қауіпсіздік пен жауапкершіліктің белгісі. Ал көшедегі бір сәттік эмоция орны толмас жағдайға әкелуі мүмкін, сондықтан адреналинді қауіпсіз, арнайы ортада бақылаған жөн.

Айжан Дайрабай, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Физиктер лигасы: Алматыда студенттер арасында зияткерлік байқауы өтті