Сыр өңірінің тумасы Гүлмира Асанова – жол сапасын саралауға 24 жылын арнаған білікті маман
Жол – жолаушының қауіпсіздігі мен елдің даму қарқынына тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылым. Сондықтан әрбір шақырымның сапасы қатаң бақылауда болуы тиіс. Бұл жауапты міндетті Жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары атқарып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сыр өңірінің тумасы Гүлмира Асанова – жол сапасын саралауға 24 жылын арнаған білікті маман. 2001 жылы алғаш рет «ҚазАвтоЖол» мекемесінде еңбек жолын бастап, «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» беделді экспертіне айналды. Білігі мен тәжірибесі бағаланып, былтыр «Құрметті жолшы» төсбелгісімен марапатталған. Гүлмира Өзбекбайқызының күнделікті жұмыс күні таңғы 9-да басталады.
Гүлмира Асанова инженер мамандар Жетісу, Алматы облыстарынан және Алматы қаласынан әлкелген сынаманың тығыздылығы, сынып кетпеуі, су өткізгіштігі тексереді. Нәтижесінде жолдың жарамдылығы және жарамсыздығы анықталады. Кейіпкеріміздің айтуынша, дәл қазір облыстарда, қалада салынып жатқан жолдарға көңілі толады.
«Қазіргі жолдың нәтижесі жақсы деп айта аламын. Жақсарып жатыр. Ұлттық сапа орталығы құрылғаннан бастап жолдың сапалары жоғарғы деңгейде десем артық айтпайтын шығармын. Түрлі материалдарға сынама жасаймыз. Бір күні қоспа, келесі күні керн келеді. Битум, инертты материалдарды тексереміз», – деді «ЖАСҰО» РМК Алматы облыстық филиалының сарапшысы Гүлмира Асанова.
Ал Жәнібек Біржанұлы – жол мамандығына жан-тәнімен берілген жас маман. Ол Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясында білім алып, еңбек жолын дәл осы сапа орталығында бастаған. Тасжолдан алынған керн сынамалары зертханаға жеткізілгенде, Жәнібек олардың әрқайсысын QR-код арқылы тіркеп, мәліметтер базасына жүктейді.
«QR-кодты ұрған кезде материалдың атауы шығады. Біздегі арнайы номері арқылы қабылдап аламыз. Эксперт, лобаранттарға бөліп береміз. Сынақ біткеннен кейін материалдарды KazroadLab программасы арқылы қабылдап алып, тексереміз», – деді «ЖАСҰО» РМК Алматы облыстық филиалының материалдар инженері Жәнібек Біржанұлы.
Айта кетейік, 2023 жылы сараптама нәтижесінде құрылыс материалдарының 41 пайызы стандартқа сәйкес келмесе, 2024 жылы көрсеткіш 27 пайызға дейін төмендеген. Бұл – сапаға деген талаптың, бақылау жүйесінің күшейгенінің дәлелі. Ал мұндай көрсеткішке жетудің артында зертханадағы ұқыптылық, жауапкершілік пен біліктілік жатыр.
Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында полиция ірі есірткі зертханасын жойды