Еңбек еткісі келген адамға жұмыс табылады - Олжас Бектенов
Электронды еңбек биржасында 845 мың бос жұмыс орнын жариялаған, оның ішінде 432 мыңы жұмысшы мамандықтарға тиесілі
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі жұмыс орындарының қолжетімділігі туралы халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына назар аударды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біз жұмысты тоқтатпау үшін шетелден мыңдаған маман тартуға мәжбүрміз. Мұны халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Қоғамда елімізде жұмыс жоқ деген түсінік қалыптаспауы керек. Еңбек еткісі келген адамға жұмыс табылады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жыл басынан бері жұмыс берушілер Электронды еңбек биржасында 845 мың бос жұмыс орнын жариялағанын, оның ішінде 432 мыңы жұмысшы мамандықтарға тиесілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың 60-70%-ы жұмысқа Электронды еңбек биржасы арқылы орналасады. Бұл ретте бос жұмыс орындарының 30-40%-ы толтырылмай қалады. Қолда бар кадрға деген қажеттіліктің орнын толтыру үшін жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін тартуда. Жыл сайын елімізге 300 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істеу үшін келеді.
«Жалпы, бұл мәселе бойынша біз әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мансап орталықтарының жұмысы өзгеруде. Қазір қосымша цифрлық жүйені енгізіп жатырмыз», — деді Асқарбек Ертаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет: басты назар жұмысшы мамандықтарына аударылады