Еңбек құқығы және жалақы дауы: мерзімі өтсе де, қызметкер өз ақысын талап ете алады

09.11.2026 21:36

Еңбек инспекциясына түсетін арыз-шағымдардың арасында жалақы мәселесі жиі көтеріледі

Енді еңбек дауы бойынша сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімі өтіп кетсе де, қызметкер жұмыс берушіден төленбеген жалақысын талап ете алады. Бұл нормативтік қаулыны Конституциялық сот күні кеше қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еңбек құқығы дегеніміз – атқарған жұмысы үшін лайықты ақы алу, қауіпсіз жағдайда еңбек етіп, демалыс уақытын пайдалану. Алайда іс жүзінде бұл талаптар үнемі сақтала бермейді. Әсіресе, жалақыны уақытылы төлемеу, еңбек шартын жасаспау және жұмыс берушінің өз міндеттемелерін орындамауы қызметкерлер үшін өзекті мәселеге айналған.

«Қазақстан Республикасының Конституциясында 24-бапта еңбек туралы жазылған. Ол жерде әрбір қазақстандықтың еңбекке құқығы, қауіпсіз еңбек ету құқығы белгіленген. Ол бойынша кез келген Қазақстан Республикасының азаматы өзінің таңдауы бойынша еңбекпен айналысуға және мамандық таңдауға, қауіпсіз жерде еңбек ету құқықтары белгіленген», – деді  заңгер Смағұл Файзулла.

Еңбек инспекциясына түсетін арыз-шағымдардың арасында жалақы мәселесі жиі көтеріледі. Бірі бірнеше ай бойы еңбекақысын ала алмаса, енді бірі атқарған жұмысының толық төленбегеніне шағымданады. Мұндай жағдайда қызметкердің құқығын қорғаудың заңды жолдары бар.

«Жұмыс берушілердің үстінен кез келген жұмыскер ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменттеріне арыз-шағым түсіруге құқылы. Департаменттерге немесе Е-өтініш арқылы арыз жаза алады. Арыздар қолданыстағы заңнамаға сәйкес 15 жұмыс күнінің ішінде қаралады», – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің бөлім басшысы Алмат Қалдыбаев.

Еңбек қатынастарында жұмыс берушімен бірге қарапайым қызметкердің де жауапкершілігі қатар жүреді. Ал заң талаптарының сақталуы жұмыскердің құқығы қорғалып, еңбек жағдайының әділдігіне негіз болады.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Тұтынушылар құқығы: биыл қазақстандықтарға 2,17 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылды

 

 

Толық көрсету