Құзырлы органдардың мәліметінше, шағымдарды қарау нәтижесінде 900-ге жуық мекемеде тексеру жүргізілген
Алматыда еңбек құқықтарының бұзылуына байланысты былтыр 9 мыңға жуық арыз-шағым тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құзырлы органдардың мәліметінше, шағымдарды қарау нәтижесінде 900-ге жуық мекемеде тексеру жүргізілген. Азаматтар көбіне жалақының төленбеуі немесе кешіктірілуі, сондай-ақ еңбек шарттарының заңсыз бұзылуы бойынша арызданған. Мамандардың айтуынша, еңбек заңнамасының сақталмауы көбіне құрылыс және мұнай-газ салаларында, сонымен қатар жекеменшік компанияларында тіркелген. Бұдан бөлек, өңірде өткен жылы жұмыс барысында өндірістік жазатайым оқиғалар салдарынан 17 адам қаза тапқан.
«Аталған жағдай бойынша арнайы тергеу жүргіздік, тиісті актілерді жасадық, оқиғалардың мәнжайы мен себептерін анықтадық және материалдарды Алматы қаласының Полиция департаментіне жолдадық. Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы талаптарын бұзу салдарынан адам өліміне немесе ауыр зардаптарға әкелген жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», – деді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Серік Оразбеков.
Құқық бұзушылықтармен тиімді күресу үшін еңбек инспекциясы арнайы кешенді стратегия әзірлегенін мәлімдеді. Спикердің айтуынша, ең алдымен қызметкерлердің кемінде 80 пайызын жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесімен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар жұмысты цифрландыру бағытына басымдық берілмек. Жоспарға сәйкес, ұжымдық шарттарды электрондық форматта енгізу және олардың ашықтығын қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі. Бұл қадамдар еңбек ету барысындағы келеңсіздіктерді алдын алуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматыда алғаш рет кәмелетке толмаған науқасқа жамбас-сан буынын толық алмастыру отасы жасалды