Еңбек министрлігі азаматтық-құқықтық шартты қайтаруы мүмкін

14.05.2026 15:36

Бұл туралы Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі айтты

Еңбек министрлігі азаматтық-құқықтық шартты қайтаруы мүмкін. Егер кейбір жұмыс берушілер мамандарды штатқа алудан бас тартып, салдарынан жұмыссыздар саны көбейетін болса аталған норма қайта қаралады. Бұл туралы Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Ол «әзірге жұмыссыздар саны күрт өсіп жатқан жоқ» дейді. Ербол Тұяқбаев ведомство тиісті бақылау жүргізіп, мәселені назарда ұстап отыр деп сендірді. Еске сала кетейік, бұған дейін депутаттар азаматтық-құқықтық шарт бойынша еңбек ететіндердің құқығын қорғау үшін құжатқа бірқатар өзгерту енгізген. Оған сай, егер азамат штаттағы қызметкерлер сияқты таңнан кешке дейін жұмыс істесе, онда азаматтық-құқықтық емес, ресми еңбек шарты негізінде қызмет етуі керек.

«Жұмыс берушілер, жұмысшылар арасында үлкен сұрақтар туғызып жатса, бұл қатып қалған мәселе емес, қайта оралып депутаттармен ақылдасамыз. Осы уақытқа дейін Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартта енгізілген норма бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жұмыс берушілер міндетңн толық орындап жатса, оларды штатқа алып, еңбек шартын жасап жатса, өзгеріссіз қалдырамыз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев.

Оқи отырыңыз: Жұмыс берушілер қазақстандықтарға қосымша үш күндік демалысқа ақы төлеуге міндеттеледі

Теги: жұмыскер