Эндаумент қорлары: Алматыда сарапшылар жаңа заң мүмкіндіктерін талдады

17.11.2025 15:41

Кездесуге 90-нан аса қатысушы өтінім білдірді

«Елімізде бизнес өкілдері әлеуметтік бағыттарды, атап айтсақ, білім беру, денсаулық сақтау саласын қолдауға дайын отыр. Ал сол мүмкіндікті эндаумент-қорлары оңтайлы пайдалануға көмек береді». Бүгін Алматы технологиялық университетінде бас қосқан мамандар осындай ой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сарапшылар, нысаналы капитал қорларына қатысты биыл қыркүйек айынан бастап күшіне енген заң жобасын да талдап шықты. АҚШ, Ресей тәжірибесі қаралып, инвестициялық саясатты жаңарту, стратегияны күшейту мәселелері күн тәртібінен түспеді. Жиында қорға түскен қаражаттың қалай жұмсалатыны, оның қандай мақсатта пайдаланылатыны да айтылды.

Сонымен қатар өзге мемлекеттермен білім беру бағдарламасын бірлесе дайындауға арналған маңызды құжаттарға қол қойылды.

 «Эндаумент қорларының негізгі активтері мен қаражаты қайырымдылықтан ғана емес, сонымен қатар мақсатты жарналардан, заңды тұлғалардың және қарапайым азаматтардың салымдарынан да қалыптасады. Әдетте, халықаралық тәжірибеде мұндай қорлардың дамуына университет түлектері, түрлі компаниялар, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар және жалпы әлеуметтік саланың дамуына мүдделі барлық тарап атсалысады. Қазақстанда бизнес өкілдерінің білім беру мен денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік салаларды қолдауға деген сұранысы жоғары. Біз эндаумент қорлары туралы заң осы сұранысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деді заң авторы Фархад Қуанғанов.

«Кездесуге 90-нан аса қатысушы өтінім білдірді. Алыс-жақын шет мемлекеттерден сарапшылар келді. 17 спикер сөз сөйлеп, тақырыптың маңызын аша түсті. Сонымен қатар тәжірибе алмасты. 

 Айта кету керек, елімізде 20-дан аса эндаумент қор бар. Қор түскен қаражатты бірден пайдаланбайды, инвестицияға жұмсайды. Содан келген пайданы ғана мақсатты түрде қолданады», – деді ұйымдастырушы Әсел Қаламбаева.

Оқи отырыңыз: 2026 жылдан бастап жекеменшік мектептер қатаң цифрлық бақылауға өтеді