Мәжіліс "Пошта туралы" заң жобасын мақұлдады
Елде есірткі саудалайтын пысықайлар тауарларын «Қазпошта» арқылы жөнелтуге тырысады. Биыл есірткіге қатысты мұндай жеті оқиға тіркеліп, ішкі істер органдарына хабарланыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
"Қазпошта" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әсел Жанасова бұл бағытта ұлттық компания құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істеп жатқанын айтады.
"Қоймалар мен заттарды сұрыптау ғимараттарында үйретілген иттерді ұстаймыз. Осы иттер арқылы заңсыз заттар анықталып жатыр. Оның үстіне барлық қоймада рентген аппараттар бар. Биыл есірткіге қатысты 7 оқиға анықталды. Былтыр да осындай 5 жағдай тіркеліп еді", - деді "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова.
Бүгін Мәжіліс депутаттары "Пошта туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарап, оны бірінші оқылымда мақұлдады. Енді пошта арқылы дәрі-дәрмек үйге дейін жеткізілмек. Бұл жұмыстарды "СҚ Фармация" және Денсаулық сақтау министрлігі пысықтайды.
"Мүгедектер, үйден шыға алмайтын жандар, көзі көрмейтін азаматтар емханаға барып алады. Бүгінде зейнетақы мен жәрдемақы жеткізіліп жүр. Үйден шыға алмайтын 1 миллион клиентіміз бар. Соларға дәрі-дәрмекті жеткізу лицензиясын алу осы заңнама тарапында қарастырылған", - деді Әсел Жанасова.
Оқи отырыңыз: "Каспий" футбол клубының экс-басшысы 27 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді