Ерлан Қарин Қазақстанның тарихи мұрасын ЮНЕСКО деңгейінде танытудың маңызын айтты
Қазақстанның екі тарихи мұрасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енді
Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу жұмысы жалғасып жатыр. Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің 11-отырысында еліміз ұсынған екі номинация ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» (MOWCAP) бағдарламасының өңірлік тізіміне енгізілді. Бұл туралы ҚР Вице-президенті Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv
Тізімге Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы «Есік жазуы» және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басылымдарда жарық көрген туындыларының топтамасы енді.
Сондай-ақ желтоқсан айында Қытайдың Сямынь қаласында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 21-сессиясы өтеді. Онда Қазақстанның қатысуымен әзірленген тағы үш номинацияны адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу мәселесі қаралады.
Атап айтқанда, олар:
- «Кесте өнері: біз кесте, бедел кесте»;
- «Дәстүрлі киіз басу: киіз басу»;
- «Салбурын: тазы ертіп, бүркіт салатын атбегілер фестивалі».
Ерлан Қариннің айтуынша, ЮНЕСКО-ның бағалау органы аталған үш номинацияны тізімге енгізу жөнінде оң қорытынды берген.
«Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның бағалау органы аталған номинацияларды тізімге енгізу жөнінде оң қорытынды беріп отыр. Осылайша, ЮНЕСКО тізімдері ұлтымыз бен еліміздің тарихи-мәдени мұрасын танытатын жаңа қазақстандық номинациялармен толығуда», – деп жазды Ерлан Қарин.
Осылайша, Қазақстанның тарихи және материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту жұмысы жалғасып келеді.
Оқи отырыңыз: Прокуратураның цифрлық мүмкіндіктері депутаттарға таныстырылды