Ерлан Қарин Қазақстанның тарихи мұрасын ЮНЕСКО деңгейінде танытудың маңызын айтты

07.11.2026 17:43

Қазақстанның екі тарихи мұрасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енді 

Depositphotos.com

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу жұмысы жалғасып жатыр. Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің 11-отырысында еліміз ұсынған екі номинация ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» (MOWCAP) бағдарламасының өңірлік тізіміне енгізілді. Бұл туралы ҚР Вице-президенті Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv

Тізімге Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы «Есік жазуы» және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басылымдарда жарық көрген туындыларының топтамасы енді.

Сондай-ақ желтоқсан айында Қытайдың Сямынь қаласында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 21-сессиясы өтеді. Онда Қазақстанның қатысуымен әзірленген тағы үш номинацияны адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу мәселесі қаралады.

Атап айтқанда, олар:

  • «Кесте өнері: біз кесте, бедел кесте»;
  • «Дәстүрлі киіз басу: киіз басу»;
  • «Салбурын: тазы ертіп, бүркіт салатын атбегілер фестивалі».

Ерлан Қариннің айтуынша, ЮНЕСКО-ның бағалау органы аталған үш номинацияны тізімге енгізу жөнінде оң қорытынды берген.

«Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның бағалау органы аталған номинацияларды тізімге енгізу жөнінде оң қорытынды беріп отыр. Осылайша, ЮНЕСКО тізімдері ұлтымыз бен еліміздің тарихи-мәдени мұрасын танытатын жаңа қазақстандық номинациялармен толығуда», – деп жазды Ерлан Қарин.

Осылайша, Қазақстанның тарихи және материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту жұмысы жалғасып келеді.

Оқи отырыңыз: Прокуратураның цифрлық мүмкіндіктері депутаттарға таныстырылды

Толық көрсету