Ерлан Қарин: Құрылтай сайлауы ел дамуының жаңа кезеңінің басталғанын айғақтайды

08.05.2026 16:11

Жаңа Конституцияның нормаларын іске асыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр

Ақорда

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Парламент Палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданған үш заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, биыл наурыз айында қабылданған жаңа Конституцияның нормаларын іске асыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр.

Бүгінгі отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясын, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістерді қарады.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға бейімдеуге және саяси жүйені институционалдық тұрғыдан жаңартуға бағытталған.

«Ұсынылып отырған өзгерістердің мақсаты: қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға бейімдеу, мемлекеттік-саяси үлгіні институционалдық тұрғыдан жаңарту, саяси жаңғыру үдерісін жалғастыру үшін жүйелі құқықтық негіз қалыптастыру», – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ ол заңнаманы үйлестіру үдерісі мен алдағы Құрылтай сайлауы ел дамуының жаңа кезеңін білдіретінін атап өтті.

«Заңнаманы үйлестіру үдерісі және алдағы уақытта өтетін Құрылтай сайлауы конституциялық қағидаттар мен Әділетті Қазақстанның құндылықтары негізінде елімізді өркендетудің жаңа кезеңінің басталғанын айғақтайды», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Оқи отырыңыз: Президент Рим Папасы XIV Леоға құттықтау жеделхатын жолдады