Ерлікке тағзым: Алматыда ескерткіш тас белгісі орнатылды

06.05.2025 18:44

 Жеңістің 80 жылдығы - ұрпақ жадындағы ұлы белес. Осы тарихи дата қарсаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тағылымды іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Жеңістің 80 жылдығын ерекше тағзыммен атап өтті. Оқу орнының бас ғимаратының алдында «Ерлікке тағзым» атты жаңа ескерткіш тас белгі орнатылды. Тас мүсінде Кеңес Одағының батырлары Мәлік Ғабдуллиннен бастап, майдан даласында жан аямай шайқасқандардың есімі қашалып жазылған. Барлығы – Қазақстандағы алғашқы жоғарғы оқу орнының түлектері.

«Осы университеттен майданға 200-ден астам студент, оқытушы кеткен. Солардың ішінде Қазақстан бойынша 497 Кеңес Одағының батыры болса, соның тоғызы университеттің азаматтар. Оның ішінде осы университетті 12 жыл басқарған Совет Одағының батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллин  бар», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы, ректор Болат Тілеп.

Биыл Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толды. Осыған орай университет қабырғасынан оның есімін иеленген арнайы аудитория ашылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – батырдың бейбіт өмірдегі қызметі мен ғылымдағы ізін ұлықтаудың бір жолы.

«Ұлы тұлғаға 100 орындық аудиторияны ашып, заманауи дәрісхана ретінде білім алушыларға сыйға беріп отырмыз. Мәлік Ғабдуллиннің айналасынан шыққан 114-тен астам студент майданға аттанған», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Мақсат Жақау.

Айта  кетейік, Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы қазіргі Ақмола облысының Зеренді ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталғанда қатардағы сарбаз ретінде майданға аттанып, Брянск орманында шайқасқан, Панфилов дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі қанды ұрыстарға қатысқан. Соғыстан кейінгі кезең – батырдың ғылым мен әдебиетке ден қойған дәуірі. Ол Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде ұзақ жылдар ректор болып қызмет атқарып, білім мен тәрбиенің биігін қалыптастыруға ерекше үлес қосты.

«Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдуллин университеті 1935 жылы бітірген. Құдайберген Жұбановтың 12 шәкірті болса, соның бірі. Алғашқы қазақ тілі-әдебиетінің фольклортану бағытында ғылымға енгізген жас ғалымдардың бірі болып табылады. Ол ең алғаш Қобыланды батыр туралы дисертация қорғаған, ғылыми жетекшісі Мұхтар Әуезов болған. Ғылымға қосқан үлесі ұшан теңіз», – деді Мақсат Жақау.

Мәлік Ғабдуллин – оқ пен оттың ортасынан өтіп, қалам мен ойдың төріне шыққан санаулы алыптың бірі. Оның ерлігі  – елдің жадында, еңбегі – ұлттың жүрегінде. Батыр тұлғаның 110 жылдығы өткенге тағзым ғана емес, бүгінгі ұрпаққа ұлағат.

Мәди Мәлік. Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда мереке күндері қандай іс-шаралар өтеді