Ешкім ұрмаған: Перизат Қайраттың шағымына қатысты бейнежазба жарияланды

10.07.2025 15:24

Сотталушы "тергеу изоляторы қызметкерлері жарақаттады" деген шағымданған болатын 

«Тергеу изоляторының қызметкерлері жарақаттады» деген Перизат Қайраттың арызы бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тергеу кезінде мекеменің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, қызметкерлер мен куәгерлерден жауап алынған.

Полиция шулы мәлімдемеден кейін бүгін сол сәтте таспаланған бейнежазбаны жариялады.

Айта кетейік, кеше тергеудегі Перизат Қайрат прокуратураға арыз түсіргенін айтқан еді. Күдікті мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, дене жарақатын салғанын мәлімдеген болатын.

«Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша Перизат Қайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлерінің оған дене жарақатын келтіруі туралы сөздері расталмайды. Бұған Перизат Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптама тағайындалды», - делінген Астана қаласы полиция департаментінің хабарламасында

Оқи отырыңыз: Ішінара жабық өтеді: Перизат Қайрат ісі бойынша сот қашан басталады