Есік қаласындағы қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр

30.03.2026 16:30

Шақырту бойынша жеткен полиция қызметкерлері жағдайды тұрақтандыру мақсатында ескерту ретінде аспанға оқ атты

Алматы облысының Есік қаласында бір топ азаматтың қатысуымен орын алған келіспеушілік бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде тарады, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұрғындар түсірген таспада ер адамдардың өзара жанжалдасып, күш көрсеткені байқалады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиға осыдан екі күн бұрын түнде болған. Шақырту бойынша жеткен полиция қызметкерлері жағдайды тұрақтандыру және жанжалды тоқтату мақсатында ескерту ретінде аспанға оқ атты. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынды.

«Жеті адам күдікті ретінде танылды. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ауаға жасалған оқ атулар ескерту сипатында болып, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу мақсатында оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тарапынан жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда», – деді Ернар Сәйділдин, Алматы облысы Полиция департаментінің бөлім басшысы.