Есік ота жасау столында жатты: Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қабірхана ағаш есігі қалай зерттелді

25.04.2025 16:15

Жаңғақ ағашынан жасалған есік алтын, күміс және піл сүйектерімен зерделенген

Қайта оралған қазына. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қабірхананың ағаш есігі толық қалпына келтіріліп, Түркістанға жеткізілді. XIV ғасырдан бері сақталған құнды жәдігер 2018 жылға дейін қолданыста болған. Кейіннен жүргізілген ғылыми-зерттеуде көне есіктің ішін зиянкестер кеулеп, сапасы сыр бергені анықталған.

Айта кетейік, жәдігер Алматыдағы ғылыми-реставрациялық зертханада қалпына келтірілді. Мәлім болғандай, қақпа жаңғақ ағашынан жасалған. Сондай-ақ ол алтын, күміс және піл сүйектерімен зерделеніпті. Мамандар «есікті қайта қалпына келтіру – асқан төзімділікті талап етті» дейді.

«Қырым Аралы зертханасына барған кезде, есік ота жасау столында жатты. Бізге өте қызықты болды. Хирургтардың жасайтын операциясы секілді, есік те ақ үстелдің үстіне қойылып, реставрациялық жұмыстар жасалды. Адам сияқты арнайы ренген түсіріледі. Одан кейін диагноз қойылады. Одан кейін емдеу тәсілдері жүргізіледі», – деді реставратор Нұржан Тәжібаев.

Қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде есіктегі бұрын көрінбеген баталы жазбаларды оқуға мүмкіндік туған. Айталық, есіктің ортаңғы тұсында парсы тілінде куфи жазуымен құттықтау сөзі бар. Сондай-ақ Жаратушының алты көркем есімі көмкеріліп жазылған. Реставрациядан өткен есік «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейіне қойылды.  

«Шебер өрнекпен ойылған есіктер Қазақстан мен Орта Азия жерінде кемде-кем, кездеспейді деп айтсақ та болады. Сондықтанбұл – музейміздегі ең құнды экспонат. Есіктердің екеуі сақталған. Оның бірі – қазандық бөлмесінің есігі, үлкен қақпасы. Оны да 2024 жылы зертханаға алып кетті. Ол да осы жақын арада қайтып келу керек», – деді «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің көрме ұйымдастырушысы Рахия Жүзбаева.

Оқи отырыңыз: Қайта оралған қазына: Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қабірхана есігі көпшілікке таныстырылды