Күн жылынса, қауіп басқа үйлерге де таралуы мүмкін
Петропавл тұрғындары күннің жылынумен бірге күтпеген қиындықтарға тап болды. Себебі жекеменшік үйлерге кәріз суы жайылып, сасық иіс қолқаны қапқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Беляевтар отбасы мен көршілерінің ауласына жаңбыр мен қар суын жинауға арналған тоғаннан су жайылып, бірнеше үйге қауіп төндірген. Қазірдің өзінде екі отбасы зардап шегіпті.
«Көктем жақындап қалды. Су үйлерге кіріп кетуі мүмкін. Сонда келген шығынды кім өтейді? Абырой болғанда, күн жылынып, артынан қайта суытты», – деді қала тұрғыны Ғалия Елеусізова.
Күн жылынса, қауіп басқа үйлерге де таралуы мүмкін. Жұрт әзірге ассенизатор көліктердің көмегіне жүгінуде. Белгілі болғандай желіге бәз біреулер кәріз суын төгетін болған, ол тікелей Есіл өзеніне құйылады. Тұрғындар заңсыз әрекетке тосқауыл қоюды талап етіп отыр.
«Түнде келіп, бәрін тазалағандай болды. Бірақ сол түні тағы су жиналып, ауламызды басып қалды. Тіпті моншаға дейін жетті. Жағымсыз иістен демалу мүмкін емес. Үйдің ішінде де сезіледі. Бұл улы иіс қой. Егер күн жылынса, бәрі еріп, үйге кірейін деп тұр», – деді қала тұрғыны Анастасия Беляева.
«Бұл негізі тұндырғыш сияқты орын, мұнда тек таза су ағуы керек. Кәріз немесе тұрмыстық қалдықтар төгілмеуі тиіс. Мүмкін қосымша бір ұйымдар заңсыз қосылған болар. Ластану өзенге ғана емес, бүкіл маңайға таралып жатыр», – деді қала тұрғыны Роман Симонов.
Жауаптылар жүйеге заңсыз қосылылу дерегін растады. Мәселені шешуге уәде бергенімен, әзірге айыптыларды анықтау қиынға соғып отырған көрінеді. Іске эколог мамандар да араласқан.
«Жүйеге заңсыз қосылылған. Салдарынан су мұздың үстімен жайыла бастаған. Төмендегі құбыр бітеліп, қатып қалған. Содан су жоғары көтеріліп, көлге тараған. Қазір біздің сорғы техникасы жұмыс істеп жатыр. Қала бойынша жабық кәріз желілерінің ұзындығы 119 шақырым, оның бір бөлігі жеке сектор арқылы өтеді. Нақты қай жерден қосылғанын әзірге айту қиын», деді қалалық Тазарту және су бұру нысандары директорының орынбасары Айдар Оспанов.
Ал кінәлі тұлғалар анықталғанша, «Кирпичный» шағынауданының тұрғындары жағымсыз иіспен тыныстап, көктемді қорқынышпен күтуден басқа амал жоқ.
Олжас Омарбек, Пётр Акутионов, Самат Жақыпов Петропавл
Оқи отырыңыз: Дауыл: Жамбыл облысында 29 нысанның шатырын ұшып кетті