Есімі ер есінде: белгілі журналист Ахметбек Ибраевтың туғанына 100 жыл толды

24.12.2024 21:06

Ол Ақмола облысындағы Шонай ауылында дүниеге келген

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, белгілі журналист, саясаткер Ахметбек Ибраевтың туғанына биыл - 100 жыл, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Бұл ескі фотосурет пен бірнеше газеттің қиындысы – Ибраевтар әулетінің жеке мұрағатында қалған аса құнды жәдігерлердің бірі. Олар Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Ахметбек Ибраевтің өмір дерегінен шым-шымдап сыр шертеді. Жақындарының жадында оның жарқын бейнесі – белгілі журналист, партия қызметкері, совхоз басшысы әрі қамқор әке мен мейірімді жар ретінде сақталып қалған. Тарихқа көз жүгіртсек, ол Ақмола облысындағы Шонай ауылында дүниеге келіпті. Қайсар ер балалық шақта-ақ жер жыртып, шөп шапқан. Тынымсыз еңбек еткен. Мектепті бітіргеннен соң, 17 жасында майдан шебіне аттанады.  

" Соғыстан оралғаннан соң, ол барлық майдангерлер сияқты қираған шаруашылықты қалыпқа келтірумен айналысты. Қоғамдық жұмысқа да бейім, қабілетті еді. Журналистік қыры, саланы оқып меңгермесе де көрініп-ақ тұратын. Ол Красный Яр ауылында, «Колхоз жолы» аудандық газеттінде жұмыс істеді. Редакцияда біраз еңбек еткеннен кейін, жастармен жұмыс істеуі үшін комсомол комитетіне ауыстырылды", – деді А. Ибраевтың туысы Жасболат Хасенов.

Партия мектебінде оқуын жалғастырған ол тың игеру кезеңін де бастан кешірді. Алайда сүйікті ісі – журналистиканы қатардан қалдырмады. Тіпті Ахметбек Ибраев "Котовский" совхозын ұйымдастыруға да атсалысып, кейін "Сталинский шлях" совхозының төрағасы болып сайланған. Сол кезде аудандық газетте де жұмыс істейді. Табысты еңбек етіп келе жатқан кезде, 5-баласы дүниеге келген сәтте оның аяулы жары көз жұмады. Ол Красный Ярға қайта оралып, майдангер үй шаруасымен айналысады. Отбасының асыраушысы тағдырдың тауқыметіне еш мойымаған. Асылдың сынығы, ұлы Асылхан да мұны растайды.

"Жанымызда қандай керемет жанның жүргенін одан айырылып қалғанда түсінгендей болдық. Атына заты сай еді. Ал әкеміздің қасында болғандар оны ерекше құрметтейтін. Бойында шешендік өнері бар, ән де шырқайтын. Естіген адам Ермек Серкебаевтың дауысына ұқсататын. Негізі Алматыда оқығанда оған консерваторияға баруды ұсынғандар да болған", – деді А. Ибраевтың ұлы Асылхан Ибраев.  

Ахметбек Ибраев өмірінің соңғы 18 жылын, зейнеткерлікке шықпай тұрып, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының кадр бөлімінің меңгерушісі болып өткізген. Туыстарының сөзінше, сол кезде-ақ бұл аймақ мықты мамандарымен көпке танылған. Қоғам қайраткері 1985 жылдың қаңтарында 61 жасында өмірден озды.  

"Ол көпке көмектескенді жөн санайтын. Қиындыққа тап болғандардың барлығына қол ұшын созатын. Ахмет аға сонысымен дара болды. Барлығымен араласып тұратын. Кейде өлең жазып, көңіл-күйі болғанда ән шырқайтын. Аты аңызға айналған оның бейнесі біздің жүрегімізде де мәңгі сақталып қала бермек", – деді А. Ибраевтың туысы Жасболат Хасенов.

Ахметбек Ибраев – "Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін", "Еңбектегі ерлігі үшін", "Тың жерлерін игергені үшін" медалдарінің иегері. Ал бүгінде оның 5 баласы мен 6 немересі және 4 шөбересі бар. Барлық баласы сапалы білім алып, салық, мәдениет саласының қызметкерлері және журналистер де бар. Өлмейтұғын артында із қалдырған ардагер есімі қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек. 

Рүстем Айткәрім, Оксана Матасова, Рамиль Дусумов, Ақмола облысы  

Оқи отырыңыз: Ертегі әлемі: Алматыда Президент шыршасы өтті