Есірткі қылмысы: тамызда кәмелетке толмаған 6 бала ұсталды

ІІМ кәмелетке толмағандарды есірткі айналымына тарту деректері көбейгенін айтып, үндеу жасады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл 49 жасөспірім есірткі қылмысы үшін ұсталған. Тек тамызда кәмелетке толмаған 6 бала қолға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құзырлы орган Абай облысында 16 жастағы колледж студенті мен оның мектепте оқитын 15 жастағы танысын ұстаған. Тінту барысында кәмелетке толмаған қыздан аса ірі көлемде синтетикалық заттар тәркіленген. Белгілі болғандай, студент есірткіні жасырумен айналысқан. Ол тыйым салынған затты оқушысының сөмкесіне тығып, таратпақ болған.

Шымкент қаласында да есірткі жасырумен айналысқан 17 жастағы екі жасөспірім қолға түскен. Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандарды есірткі айналымына тарту деректері көбейгенін айтып, ата-аналарға, педагогтарға және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуге жауапты тұлғаларға үндеу жасады. Сондай-ақ есірткі таратқандарға 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын еске салды.

«Жасөспірімдердің мінез құлықтарындағы өзгерістерге мән беріңіздер. Олар кіммен араласатынын және уақытты қайда өткізетінін бақылаңыздар. Ұялы телефондарын, мессенджерлерін күмәнді хат-хабарлар бар-жоғына тексеріп отырыңыздар. Балалармен ескірткі қолданудың қауіптері мен салдары туралы жиі сөйлесіңіздер», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Оқи отырыңыз: Шекара қызметі тамыз айында елге заңсыз кіргізілмек болған 678 діни кітапты тәркіледі - ҰҚК

Новости партнеров