Есірткі саудасы: Астанада 27 жастағы қала тұрғыны күдікке ілінді

10.09.2025 16:11

Тергеу дерегінше, ол жалдамалы пәтерді зиянды заттар сақтайтын қоймаға айналдырған

Астанада есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен 27 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Тергеу дерегінше, ол жалдамалы пәтерді зиянды заттар сақтайтын қоймаға айналдырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тінту кезінде 300-ден астам дайындалған орама, арнайы таразы және пластик ыдыстар тәркіленіпті. Белгілі болғандай, ол ұйымдасқан топтың мүшесі ретінде есірткі партиясын сақтап отырған. Ал таратуды интернет арқылы «оператор» басқарып келген. Күдіктінің жалақыны электронды аударыммен алып отырғаны да анықталды. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Тергеу барысында ұсталған адамның есірткі партиясын қоймада сақтау ісін ұйымдастырғаны анықталды. Ал олардың таратылуы интернет ресурстар арқылы жүзеге асқан. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жалғасуда», – деді Полиция департаменті басқармасы бастығының орынбасары Еркеш Қалықов.

Оқи отырыңыз: «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына қатысты тергеу аяқталды