Есірткімен күрес: Таразда бельгиялық овчарка рекорд орнатты

Лэкки заңсыз тауардың 4 түрін айнымай таба алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда бельгиялық овчарка есірткі табудан рекорд орнатты. Кинология қызметіндегі ит бір жылдың өзінде 105 келі марихуана тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Лэкки есімді салпаңқұлақ Полиция департаментіне 3 айлығында алынған. Содан бері оған Ержан Көпеков қарайды. Себебі ит бір адамға бағынып, соның ғана нұсқауын орындауы тиіс. Иісшіл ит 70-ке жуық жедел шараға қатысып, биыл 20-ға тарта қылмысты ашқан.

"Мінезі жақсы, айтқанның бәрін орындайды. Былғары сөмкенің үстіне май жағып тастаған күндер болған. Машинаның майын, тіс пастасын жағып тастаса да, тапқан", – деді кинолог Ержан Көпеков.

Лэкки қазір 4 жаста. Есірткіні 200-300 метр қашықтан сезіп қояды. Заңсыз тауардың 4 түрін айнымай таба алады. Сондықтан ол – республикадағы кинология қызметіндегі үздік иттің бірі. Тараздағы кинологиялық орталықта түрлі тұқымдағы 44 ит бар. Олар былтырдың өзі 500-ге жуық қылмысты ашып, 6 тонна есірткі тәркілеген.

"Полиция қызметіндегі басым бағыттардың бірі – есірткі қылмысының алдын алу. Әсіресе, иттердің көмегі орасан зор. Мәселен былтыр овчаркалардың көмегімен ірі қылмыстар ашылды. Солардың арасында Алматыдан біздің облысқа жеткізілген 5 ірі есірткі тасу дерегі анықталып, 3 келі синтетикалық зат тәркіленді", – деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Андрей Сухарев.

Полиция сапындағы қызметтік иттер төтенше жағдай кезінде де құзырлы орган қызметкерлеріне көмек көрсетеді. Орталықтың салпаңқұлақтары Байзақтағы жарылыстан соң екі сарбаздың денесін үйінді астынан тапқан.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараз

Оқи отырыңыз: Қар көшкіні: ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады

Новости партнеров