Күдіктінің автокөлігін тексеру кезінде синтетикалық есірткілер мен гашиш майы салынған орамдар табылып, тәркіленді
Алматыда полицейлер есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан күдіктіні құрықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын жасырын қойып кетумен айналысқан күдіктінің заңсыз әрекетін анықтап, жолын кесті. Күдіктінің автокөлігін тексеру кезінде синтетикалық есірткілер мен гашиш майы салынған орамдар табылып, тәркіленді. Анықталғандай, ер адам есірткіні жасырын қойып кетіп, ол үшін электронды төлем жүйелері арқылы сыйақы алып отырған.
"Әлеуметтік желілер арқылы жасырын түрде жүзеге асырылатын есірткі қылмысы қоғамдық қауіпсіздікке зор қатер төндіреді. Біз мұндай құқық бұзушылықтарды жүйелі түрде анықтап, жолын кесіп жүрміз. Заңды бұзған әрбір тұлға міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Профилактика мен бақылау – біздің жұмысымыздың негізгі бағыты. Аталған дерек бойынша күдікті ұсталып, қамауға алынды", – деп атап өтті Алматы қаласы ПД есірткіге қарсы іс-басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Полиция мұндай қылмыстық әрекеттерді анықтау және жолын кесу қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғанын мәлімдеді.
Ақпарат көзі Polisia.kz
Оқи отырыңыз: «Проблемалық кредиттер қорының» бұрынғы басшысы ұсталды - ҰҚК