Есмұхан Обаев – сахна мәдениетінің қалыптасуына үлес қосқан біртуар режиссер

16.04.2026 19:29

Қазақ өнері қара жамылды. Бүгін 85 жасқа қараған шағында еліміздің халық әртісі, театр режиссері Есмұхан Обаев өмірден озды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның туған-туысына көңіл айтып, қайғысына ортақтас болып жатқан жан көп. Бірі – марқұмның үзеңгілес, замандас жолдастары болса, енді бірі – өнер жолындағы шәкірттері. Мемлекет басшысы көрнекті өнер қайраткерінің қазасына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Есмұхан Несіпбайұлының қазақ театр өнерінің дамуына, сахна мәдениетінің өркендеуіне қосқан зор үлесін ерекше бағалаған. 

Өнегелі ғұмырын ұлт мәдениетін ілгерілетуге арнаған тұлға бүгін бұл дүниеге «Қош» дей барды. Есмұхан Обаев 1941 жылы Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын, Мәскеудегі Максим Горький атындағы академиялық театр курсын тәмамдаған. Ол – өмірін қазақ театр өнерінің өркендеуіне, сахна мәдениетінің қалыптасуына үлес қосқан белгілі актер, біртуар режиссер. Оның мұрындық болуымен «Жаяу Мұса», «Боран», «Ай тұтылған түн», «Ботагөз», «Шұға» сынды туындылар театрда қойылған. Марқұммен үзеңгілес болған жолдастары мен үлгі алған шәкірттері оның театр сахнасындағы еңбектерін еске алып, қайғыра көңіл айтты.

«Есағаңның қойылымдары халыққа жақын еді, үндес еді. Сахнадағы кейіпкерлерден гөрі актерлардың жанына көбірек үңілуші еді. Басынан қаншама зұлмат уақыт өтті. Соның барлығын Есмұхан аға үлкен бір байыппен, түсінікпен қабылдаған адам. Отбасына деген бұл кісінің шексіз сезімі, оны айтып жеткізу қиын. Бүгін міне қыздары да көздеріне жас алып отыр», – деді Қазақстанның Халық әртісі, кино және театр актері Досхан Жолжақсынов

«22 жасымда Есмұхан ағамыз мені қабылдаған. Театрға жол ашқан Есаға болатын. Менің болашағыма үлкен бір септігін тигізген кісі деп айтам. Әкемдей қамқоршы болды», –  деді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Зәуре Көпжасарова.

Есмұхан Обаев 1995-2001 жылдары – Мәдениет министрінің бірінші орынбасары және Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Ол Германияда, Үндістанда, Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда және тағы да басқа елдерде өткен қазақ өнерінің мәдени күндеріне шығармашылық жетекшілік еткен. Ол «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының, сонымен қатар, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері атанған.

«Бұл кісінің өнерге бергені көп. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Анау Семейде 20 жылдай еңбек етіп, сол жердің театрын кәдімгі өнердің үлкен ордасына айналдырған еңбегі бар. Жақсы адам еді», – деді актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс .

Бүгін сәуірдің самал желімен бірге сахна саңлағының тұтас бір ғұмыры тарихқа айналды. Есмұхан Несіпбайұлының демі үзілсе де, оның қазақ театрындағы режиссерлық қолтаңбасы мен өнер жолында қалдырған өлшеусіз еңбегі ел жадында мәңгіге сақталмақ.

Оқи отырыңыз: Президент Есмұхан Обаевтың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады