Министр келер жылға болжам айтудан тартынғанымен, қазіргі деңгейді сақтауға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Астанада ет бағасы қанша екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Ет бағасы туралы осыған дейін де айттық. Сыртқы нарықта сұраныс артып, іште баға біраз көтерілді. Қазір тұрақтанып қалды. Бүгін таңдағы статистика бойынша 1 килограмм еттің орташа бағасы 3 249 теңге болып тұр. Кеше дүкендер мен базарларға мамандарды жібергем. Қолымда тіпті суреттері де бар. 3500-3600 теңгеден сатылып жатыр. Иә, кей жерде 4300-5000 теңгеден де сатып тұр. Бірақ бұл «премиум-санатқа» жататын, сүйексіз сылып алып сататын ет. Жалпы орташа баға тұрақты. Әзірге осы деңгейде сақталады", - деді ол.
Министр келер жылға болжам айтудан тартынғанымен, қазіргі деңгейді сақтауға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді.
"Келесі жылға алдын ала болжам жасамай-ақ қояйық. Осы деңгейде сақтауға тырысамыз. Өйткені тірі малды сыртқа шығаруға тыйым салғанбыз. Еттің өзін лимитпен квота арқылы шығарып отырмыз. Сондықтан мәселе туындамау керек", - деді Айдарбек Сапаров.
Еске салсақ, Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ет бағасының төмен болуы мал шаруашылығының дамуына теріс әсер еткенін айтқан болатын.
Оқи отырыңыз: Есірткі қылмысына тартылған 60-тан астам жасөспірім ұсталды – ІІМ