Этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісімді нығайтуға да атсалыса бастады - Долқұнтай Әлиев

28.04.2026 16:11

Олар кең аудиторияға бағытталған мәдени және білім беру жобаларын да белсенді жүзеге асырып келеді

Этномәдени бірлестіктер бейбітшілік жолында тек дәстүрді сақтап қоймай, қоғамдық келісімді нығайтуға да атсалыса бастады. Бұл жөнінде «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Долқұнтай Әлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның сөзінше, бірлестіктердің қызметі соңғы жылдары елеулі өзгеріске ұшырап, бірқатар жаңа бастамалар қолға алынған. Аталған бағытта креативті жобалар, медиа-контент пен интерактивті алаңдар ұйымдастырылып, жастар мен түрлі ұлт өкілдері арасындағы байланыс бекем бола түскен.

«Қазақ халқында жақсы сөз бар «құс ұясында нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Біз жастарымызға үлгі болу әр іс-шараны өзіміз бастап береміз. Өйткені  Президенттің тапсырмасына сай, заңға бағынатын, елін сүйетін, білімді жастарды тәрбиелеу керек. Бұл үшін әрбір ұлт «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып»  іс-шараларымызды өткіземіз», – деді «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Долқұнтай Әлиев.

Сондай-ақ этномәдени бірлестіктер кең аудиторияға бағытталған мәдени және білім беру жобаларын да белсенді жүзеге асырып келеді. Мәселен, фестивальдер мен концерттер, көрмелер мен ұрпақтар кездесуі жиі ұйымдастырылып жүр. Спикерлердің айтуынша, аталған іс-шаралардың ішінде Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған мерейтойлық кеш ерекше өтіпті. Өйткені, онда түрлі ұлт өкілдерінің мәдени элементтері заманауи түрде ұсынылған.

«Дәл сол іс-шарада барлық этномәдени бірлестік бас қосты. Мерекелік кеш ашық диалог алаңына айналды. Онда әр ұлт өкілінің бір-біріне сыйластығы, мәдениетіне деген құрметі ерекше байқалды. Ал өскелең ұрпақтың осындай бастамаға белсене атсалысуы қатты қуантады. Әсіресе, 36 жас буын өкілі дүнген киімін киіп, сән қойылымын көрсеткені әсерлі болды», – деді  «Дүнген республикалық этномәдени орталығы» РҚБ төрағасының орынбасары Римма Масырова.

Оқи отырыңыз: Алматы әуежайында заманауи өнер көрмесі ашылды