Eurasian Film Market: елімізде ай сайын 15 фильм жарыққа шығады

16.10.2024 13:44

Алматыға киноиндустрияның  келешегін талқылауға 300-ге жуық сала майталманы жиналған

Алматыда Eurasian Film Market кинофорумы өтіп жатыр. Халықаралық іс-шараға сала майталмандары қатысып, киноиндустрияны дамыту мәселелерін талқыға салды. Форум аясында жаңа отандық және шетелдік фильмдердің тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл елде екінші рет ұйымдастырылып отырған іс-шараның ауқымы жылдан-жылға артып келеді. Бұл – форумды ұйымдастырушылар пікірі. Алматыға киноиндустрияның бүгіні мен келешегін талқылауға 300-ге жуық қатысушы жиналған. Мақсат  – саланы ілгерілету һәм дамыту.

"Жобаны биыл екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Қатысушылардың қатарында ірі компаниялардың өкілдері, продюсерлер, медиа агенттіктер бар. Жаһанның түкпір-түкпірінен сала мамандары келді. Ауқымды іс-шараның үшінші күнін алматылық студенттерге шеберлік сағатын өткізуден бастадық", – деді Eurasian film market халықаралық кино нарығының атқарушы директоры Күнжан Орманбетова.

Халықаралық іс-шараның алғашқы күнінде қатысушыларға, заманауи қазақ фильмдері ұсынылған. Олардың ішінде мемлекеттік, коммерциялық туындылар бар. Сондай-ақ форум шеңберінде былтыр алғаш рет жүзеге асқан «Іздеу» жобасы жалғасын тапқан. Оның мақсаты – отандық картиналарды шетелдіктерге ұсынып, оларға деген сұранысты арттыру.

"Креативті экономика, креативті индустрия дейміз, осындай іс-шаралар қажет. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Үш күннің ішінде көп кездесу болды, тәжірибе алмастық. Біздің альянстың мақсаты – кино саласын дамыту", – деді  Қазақстанның креативті индустрия альянсының басқарма мүшесі Давид Туганов.

Сала мамандары елімізде ай сайын орта есеппен 15 фильм жарыққа шығатынын айтты .Ал іс-шараға қатысушылардың айтуынша, фильмнің санын ғана емес, сапасын арттыру үшін форумның маңызы зор.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Көпбалалы аналар автобуста тегін жүреді