XVII Халықаралық "Еуразия" кинофестиваліне 22 туынды жолдама алды

25.11.2024 15:32

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, комиссия халықаралық додаға 13 кино, түркі әлемі бойынша сайысқа 9 туындыны іріктеп алды

Алматыда XVII Халықаралық "Еуразия" кинофестивалі өтіп жатыр. Отандық киномен қатар, биыл Еуропа, Азия және Таяу Шығыстан келген 22 туынды фестивальге жолдама алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлем елдерінің мәдениеті мен өнері тоғысқан іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған арнайы құттықтау хаты оқылды. Онда ұлттық кинематографияны қолдап, дамытуға баса назар аударылғаны жазылған.

Кино өнерінің өресін өсіретін биылғы фестиваль қазақ кинематографының корифейі Шәкен Аймановтың 110 жылдығы мен "Қазақфильм" киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Конкурс бағдарламасына үш құрлықтан келген 12 фильм ұсынылды. Отандық көркем кинокартиналар да сынға түсті.

"Байқауға “Тұл” деген толық метрлі, көркем фильм қатысып жатыр, үмітіміз зор. Алла қаласа, бас жүлде бұйырып жатса, біз үшін үлкен құрмет! Бүкіл ТМД мемлекеттері арасында Қазақстан флагман деп айтсақ та болады. Себебі көркем фильмдер, сериалдар ТМД елдерінің арасында ең жоғары деңгейде тұр", – деді актер Ержан Жаманқұлов.

"Халықаралық деңгейдегі дәстүрлі кинофестивальдің алатын рөлі өте зор деп есептеймін. Сырттан келетін кино мен отандық фильмдер бір-бірімен араласады, бұл – кәдімгі киноның базары, ал базарда әркімнің еркі бар", – деді режиссер Қалила Омаров.

Жылда өтетін "Еуразия" кинофестиваліне биыл 15-тен астам мемлекет қатысып жатыр. Сынға түсуге 100-ден аса өтініш түскен. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, комиссия халықаралық додаға 13 кино, түркі әлемі бойынша сайысқа 9 туындыны іріктеп алды. Фильмдерді әлемдік деңгейдегі арнайы киносыншылар көріп, бағасын беріп, таңдап алды.

"Екі конкурстық бағдарлама бар, халықаралық және Түркі әлемі Орталық Азия елдерінің конкурсы бар. Биылғы бағдарлама ерекше, географиясы да ауқымды. Түрлі жанрдағы фильмдер қатысып жатыр. Қазақстандық киноның бағдарламасы өте қызық. Фестиваль аясында әлі прокатқа шықпаған, жаңа фильмдерді ұсынып отырмыз", – деді "Еуразия" кинофестивалінің бағдарламалық директоры Диана Әшімова.

Фестивальдегі кино байқауына әлемдік кинематографтың аңызына айналған әйгілі режиссерлер мен продюссерлер, актерлер жетекшілік етті. Сондай-ақ іс-шарада продюсерлік, сценарий жазу және операторлық іс бойынша шеберлік сабақтары өтеді.

Айта кетейік, халықаралық "Еуразия" кинофестивалі 24-30 қараша аралығында өтеді.

Әйкерім Пернебек, Адель Ақжаркенова, Әлішер Ерғалиұлы