Еурокубок жорығы: «Қайрат» өз алаңында бельгиялық алпауытпен ойнайды

20.08.2026 19:54

Екі команда үшін де турнирдің негізгі кезеңіне бастайтын маңызды баспалдақ болмақ

Алматыдағы Орталық стадионда еурокубок маусымының маңызды кездесулерінің бірі өтеді. Ел чемпионы «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтағанымен, Еуропа лигасындағы бәсекесін жалғастырып, плей-офф кезеңінде бельгиялық «Андерлехті» қабылдайды, деп хабарлайды Almaty.tv 

Бұл – алматылық ойыншыларды турнирдің негізгі кезеңінен бөліп тұрған шешуші текетірестің алғашқы ойыны.

Маңызды еурокубок матчын тамашалауға жиналған жанкүйерлер трибунаны лық толтырып, «Қайратқа» қолдау көрсетуге дайын отыр. Қонақ команданың жанкүйерлері де аз емес, бельгиялық клубты қолдауға келгендер өз секторларына жайғасқан. Стадиондағы көңіл-күйден-ақ кездесудің маңызын аңғаруға болады.

«Ұтады деп ойлаймын. Жалпы кезеңге 2:1 есебімен өтеді. Қаңқалас ойын болатын сияқты. «Қайрат» тек алға! Сіздерге жанкүйерміз!» – деді жанкүйер Мұратхан Серікжан.

«Қайрат» пен «Андерлехт» Еуропа лигасы плей-офф кезеңінің алғашқы матчын өткізуге дайын. Кездесу сағат 20:00-де басталады. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңімпаз турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алады, ал жеңілген команда конференция лигасында өнер көрсетеді. Жалпы «Қайрат» биылғы еурокубок жолын Чемпиондар лигасынан бастады. Алматылықтар алғашқы екі кезеңде «Сутьесканы» жеңіп, «Омонияны» пенальти сериясында ұтты.

Алайда үшінші кезеңде софиялық «Левскиге» екі кездесуде де 0:1 есебімен есе жіберіп, Чемпиондар лигасынан шығып қалды.

Осы маусымда «Қайрат» сапында айталықтай өзгеріс бар. Мысалы, Дастан Сәтпаевтың мансабын Англияның «Челсиінде» жалғастыруы. Ал бүгінгі матчта Жоржиньоның жарақатына байланысты алаңға шықпайды. Команданың капитаны Александр Мартынович те кездесуге қатыспайды. Дегенмен құрамдағы өзгерістер «Қайраттың» мүмкіндігін жоққа шығармайды. Керісінше, командада соңғы маусымдарда халықаралық деңгейде тәжірибе жинаған, жауапты сәтте ойын тағдырын өзгерте алатын футболшылар бар.

Қақпада Темірлан Анарбековтің болуы да алматылықтарды қуантып отыр. Түйіндей келе, қазіргі құрам еурокубоктағы жоғары деңгейдегі ойындарға бейімделіп үлгерді деуге әбден негіз бар.

«Жеңеді деп үміттенемін. Бірақ «Андерлехт» – өте мықты қарсылас. Өйткені олардың кезеңі енді басталып келе жатыр. Сондықтан физикалық тұрғыда әлі кішкене нашарлау деп ойлаймын», – деді жанкүйер Бағлан Оспанов.

Ал «Андерлехтке» келсек, бельгиялық клуб осал қарсылас емес. Брюссельдік команда – Бельгия футболындағы дәстүрі терең клубтардың бірі ғана емес, Еуропаға талай жоғары деңгейлі футболшы тәрбиелеген әйгілі академиялардың бірі. Бельгиялықтар осы маусымдағы еурокубок жолында «Хаммарбю» мен ПАОК секілді қарсыластарды жеңіп, плей-оффқа жетті. Команда соңғы бес кездесуінде үш жеңіс, бір тең нәтиже және бір жеңіліс тіркеді.

«Андерлех» – Белгияның 34 дүркін чемпионы және одан бөлек команда тарихында Уефа кубогын жеңіп алған және екі рет Уефа супер кубогында топ жарған. Жоғарыда айтып өткеніміздей «Андерлехтің» тәжірибесі еврокубокте мол. Сондықтан «Қайрат» үшін бұл команданы дәл осы іріктеуде жеңу, плей-офф кезеңінде жету оңайға соқпайын деп тұр. Сондықтан барлығын алдағы екі матч шешеді», – деді футбол сарапшысы Нұрасыл Нұрсұлтан.

Алматыдағы бүгінгі матч екі команда үшін де турнирдің негізгі кезеңіне бастайтын маңызды баспалдақ болмақ. «Қайрат» үшін басты міндет –- өз алаңындағы мүмкіндікті пайдаланып, Брюссельдегі кездесуге дейін басымдық қалыптастыру.

Ал «Андерлехт» еурокубок ойындарында жинаған тәжірибесі мен нәтижелерін пайдаланып, қарсыласты өз алаңында қиын жағдайға қалдыруға тырысатыны сөзсіз. Қарымта кездесу 27 тамызда Брюссельде өтеді.

Оқи отырыңыз: Әлем чемпионаты: қазақстандық балуан алтын еншіледі

 

 

 

 

 

Толық көрсету