Біріккен Араб Әмірліктерінің үшінші ірі әмірлігі Шарджадан ұшқан екі әуе кемесі Алматы әуежайына қонды
Таяу Шығыс елдерінен 4 мыңға жуық отандасымызды елге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады. Нақтырақ айтсақ, қазақстандық және араб елдерінің әуе компаниялары қазақ жеріне бірнеше рейс жасайды. Бірер уақыт бұрын Алматы әуежайына Шарджадан екі бірдей әуе кемесі келіп қонды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таяу Шығыс елдерінде қалып қойған қазақстандықтарды елге жеткізу қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгін Біріккен Араб Әмірліктерінің үшінші ірі әмірлігі Шарджа елінен қос бірдей әуе кемесі Алматы халықаралық әуежайына қонды. Алғашқысы сағат 16:00 шамасында келген 251-рейс 167 азаматты елге жеткізді. Оралған отандастарымыз бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін айтып, уәкілетті мемлекеттік органдар мен әуе компанияларына алғысын аямады.
"Бүгін екі борт келді. Алғашқы кезекте үлкен кісілер, балалы отбасыларды шығарылды. Соның ішінде орын болғандықтан, мені де алып келді. Өте жақсы ұйымдастырған. Түнімен елшіліктің азаматтары қасымызда болды. Рахмет, бәріңізге!" - деді қала тұрғыны Бекмұрат Жұмаділов.
Таяу Шығыстан туыстарын күтіп, қолдау көрсетуге келген халықтың қарасы қалың. Күту залы адамға лық толы болды. Келушілер жақындарымен көзіне жас алып қауышып жатты.
"Қызым Абу-Дабиден ұшып келуі тиіс еді. 1 наурызға Эйр Астана рейсі жоспарланған, бірақ ол кейінге шегерілді. 4 наурызға дейін университет пен қарсы алушы тарап оларды орналастырып, жағдай жасаған. Түнде елшілік қызметкерлері оларды алып кетіп, Шарджаға жіберді", - деді Астана қаласының тұрғыны Нұржан Айтасов.
Бірнеше сағат бұрын мегаполис әуе айлағына дәл осы әмірліктен тағы бір ұшақ қонды. Эвакуациялық 318-рейс үш нәрестені қосқанда 145 адамды туған елге дін-аман жеткізді.
"Ол жақтағы жағдай, әрине, қорқыныш болды. Ұшаққа отырып, бері қарай шыққанан кейін бойымыз серги бастады. Жақсы келдік, күтіп алды. Бәріңізге, рақмет, ризамыз!" - деді Жетісай қаласының тұрғыны Гүлбахрам Таирова.
Жалпы, бүгінде қарулы қақтығыс пен тұрақсыздық орнаған Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды елге жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Алда тағы бірнеше әуе рейсі жоспарланып отыр.